Сейсенбі күні ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде елді мекендерді ауызсумен қамту, су бұру жүйелерін дамыту, су үнемдейтін және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай бағыт-бағдар белгіленіп, жауапты сала басшыларына тапсырма жүктелді.
– Арал ауданы Тоқабай және Абай елді мекендерін топтық су құбырына қосуда тиісті жұмыстарды үйлестіріп, толық әрі сапалы аяқталуына бақылау жасаңыздар. Қызылорда қаласының бас су алу құрылымын жаңғырту жобасын әзірлеуді шұғыл аяқтап, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу керек.
Биыл лазерлік тегістеу жоспарын 65 мың гектарға жеткізуді қадағалаңыздар. Су үнемдеу технологияларын мемлекеттік қолдау үшін бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы өте маңызды, – деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс жүргізілді.
Өткен жылы 5 елді мекен топтық су құбырына қосылып, 4 елді мекенде ішкі су жүйелері салынды, сондай-ақ 2 елді мекенде су тұшытқыш қондырғы орнатылды. Президент тапсырмасы толық орындалды.
Су үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізу бағытында күріш алқаптары оңтайландырылуда, 2024 жылмен салыстырғанда күріш егісі 4700 гектарға қысқарды. Былтыр жаңа технологияларды пайдаланып 8100 гектар жерге дақылдар егілсе, осы жылы бұл көрсеткішті 16 700 гектарға жеткізу жоспарланған. Шетелдік компаниялардың қатысуымен 3 ірі жоба жүзеге асырылып, тамшылатып және жаңбырлатып суару арқылы жүгері мен жоңышқа өсірілуде.
Диқандар 60 мың гектар күріш алқабын лазерлік тегістеуден өткізді. Нәтижесінде су үнемделіп, өнімділік артты. Биыл осындай жер көлемін 65 мың гектарға жеткізу көзделсе, 2028 жылға дейін егін алқаптары толық тегістеледі.





