Субсидия: Жаңа портал неге «жаңылды?»

288

0

Облыста бірқатар шаруалар мемлекеттен берілетін субсидияны ала алмай отыр. Оған себеп – Ауыл шаруашылығы министрлігі «Qoldau» орнына ашқан жаңа gosagro.kz порталы толық іске қосылмаған.

Министрлік портал ақпанның басында іске қосылды деп ресми ақпарат таратып, осы уақытқа дейін жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр, барлық мәселе шешілген деп сендірумен келеді. Бірақ нақты жағдай өте мүшкіл. Жақында ғана облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен жиында gosagro.kz порталы арқылы үш айда субсидияға қатысты бар болғаны 20 өтінім ғана қабылданғаны айтылды. Осылайша облыс фермерлері тиісті төлемдерді ала алмай отыр. Портал жұмысына қатысты шаруалар мен қаржы институттарынан көптеген шағым түсуде.

Өткен сәрсенбіде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев субсидия беру жүйесі сын көтермейтінін айтқан еді. «Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны»  деді Президент. Сондай-ақ, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес екенін айтып, субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұрғанын сынға алды.

Субсидия қаржысы – фермерлердің, бизнес ұйымдары мен жұмыс орындарының қалыпты өнімді тірлігінің кепілдігі. Бірақ елімізде биыл шаруалар шамамен 256 млрд теңге көлеміндегі тиісті төлемін ала алмай, жүйенің дұрыс істемеуі салдарынан 40 мың фермер субсидиясыз қалуы мүмкін.

Оған қоса министрлік дерегінше, жаңадан қосылған gosagro.kz жүйесі 60 млрд теңге сомасында 1,8 мың өтінімді немесе қаржыландыру көлемінің 37 пайызын кері қайтарып үлгерген. Қалыптасқан тәжірибеге сай мұндай өтінімдер 1 пайыздан аспауы тиіс болса, бұл да портал жұмысының толыққанды жетілмегенін көрсетеді.

Сондай-ақ, бүгінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау – ең өзекті мәселелердің бірі. Бұған қатысты министрлік өкілдері бұған дейін қолданыста болған Qoldau.kz платформасындағы деректерді осы жылдың наурызының соңына дейін ала алмағанын айтады. Соның салдарынан министрлік былтырғы өтінімдерді төлей алмай жатыр-мыс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қалай ақталса да, зардабын фермерлер көріп жатыр. Облыста 22 пайыздық несие алған шаруашылықтар оның 6 пайызын төлеп, қалған 16 пайызын мемлекет субсидиялауы керек. Ал қазіргідей жағдайда шаруа пайыздық мөлшерлемені толығымен өзі төлеуге мәжбүр.

Мысалы «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС-на қарасты 200 шаруашылық қаңтардан бері жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам субсидия ала алмай отыр. Бұл қаржы мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, техника секілді шаруалар қажетін өтеуі керек болған. «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС мониторинг маманы Мағжан Мырзағұловтың айтуынша, облыстағы барлық несие серіктестіктеріндегі жағдай осындай деуге болады.

– Біраз шаруа мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің субсидиясын жыл басынан бері ала алмай отыр. Нәтижесінде несиелерін жоғары пайызбен жабуға мәжбүр. Кей кәсіпкерлер несие тарихын бұзып алғанын да айтуда. Бастапқы екі айын төлеп, одан кейінгі айларда төлем жасай алмаған шаруалар көп. Бұл алдағы уақытта олардың несие алуын да қиындатады. Оған қоса, мысалы күріш шаруашылықтары субсидияны көктемгі егін жұмыстары үшін алады, сондықтан алдағы айдан кешікпеуі керек, – дейді Мағжан Мырзағұлов.

Сондай-ақ, кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары фермерлерінен арзандатылған тыңайтқыштарды алу мүмкіндігінің жоқтығы туралы көптеген өтініштер түсіп жатқанын хабарлады. Министрлік мұның себебін фермерлерге gosagro.kz порталында өтініш беруге мүмкіндік бермейтін егістік картасы мен агрохимиялық картограмманың болуымен түсіндіреді.

Бұрын Qoldau жүйесінде фермерлер егістіктерді өздері енгізген деректер негізінде цифрландырған. Әрі деректердің дұрыстығы тексерілмеді және қандай да бір форматты-логистикалық бақылау болмады.

Қазір gosagro.kz порталында субсидияларды алу үшін жердің ғарыштық мониторингінің деректері негізге алынады. Бұл ретте фермер ауыспалы егісті және оның егістіктерінің шекараларын анықтаған кезде параметрлерді қолмен енгізу, яғни көзбен белгілеу мүмкіндігі алынып тасталады. Сонымен қатар, деректер учаскелер бойынша сәйкес келмеген жағдайда, олар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-да түзетілуі мүмкін.

Gosagro.kz порталындағы деректерге сәйкес, жоғарыда аталған бес облыстың фермерлері 23,5 млрд теңгеге тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 837 өтінім берген. Оның ішінде 350 өтінімді тиісті өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармалары қабылдамады, 47 өтінім мақұлданды.

Әкімдіктердің ақпараты бойынша мемлекеттік қолдаудан бас тартудың негізгі себебі – агрохимиялық картограммалардың болмауы. Бұл талап 2023 жылы 1 қаңтарда күшіне енген, биылға дейін мұндай талаптар болған жоқ. Мәселені шешу үшін министрлік ережелерге түзетулер енгізіп, агрохимиялық картограммаларды қолдану талабы алынып тасталды. Түзетулер 24 сәуірде күшіне енді.

Егер тез арада портал жұмысы реттелмесе, азық-түлік өнімдерін өндіруде іркіліс тудырып, олардың бірқатарының тапшылыққа айналуымен қатар, бағасының да өсуіне алып келеді. Мәселенің осындай деңгейде ушығуы Парламент Мәжілісінде өткен «дөңгелек үстел» барысында да айтылды.

Кейбір халық қалаулылары мәселе аталған мемлекеттік порталды жасаушылар мен бұрынғы портал иелерінің арасындағы келіспеушіліктен туындап отыр деген де пікір айтты. Құзырлы орын шаруалардың қамын ойласа ортақ мәмілеге келіп, бұрынғы жүйеге енгізілген мәліметтерді алып, сол бойынша ауыл шаруашылығына қажет қаржының бөлінуін тездетуі керек.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<