Сыр велоспортының мүмкіндігі жоғары

272

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Сыр өңірінің велосипед спорты саласындағы даңқты өкілдері – КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Марат Сатыбалдиев пен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жетес Сүлейменовті және ҚР велоспорт федерациясының төрешілер коллегиясы төрағасының орынбасары Сергей Бредихинды қабылдады.

Меймандар облыс әкімінің орынбасарына қазақстандық вело­спорттың дамуы, оның ішінде Сыр елі велошабандоздарының рес­пуб­ликалық және халықаралық аренадағы жетістіктері туралы баяндады.

Қазақстан тарихында вело­спорт­тан тұңғыш әлем чемпионы бү­гінде Алматы велоспорт фе­дерациясының вице-президенті Марат Сатыбалдиев ширек ғасыр­дай уақыт бойы Қызылордада  жас­өспірімдер арасында өтетін дәс­түрлі республикалық жарысқа материалдық көмек көрсетіп ке­леді. Жеңімпаздарға арнайы жүл­­­делер тағайындап, оларды мара­паттауда.

Нұр-Сұлтан қаласы велоспорт федерациясының төрағасы, Пре­­зи­денттік “Астана” кәсіби клу­бының спорт директоры Жетес Сүлейменов те өткен жылдан бері облыста осы саланың дамуына үлес қосып келеді.

Атап айтқанда, ол кеше Қызыл­орда қаласында басталған вело­сипедшілердің көпкүндік жары­сына үздік шабандоздар үшін өз жүлдесін тағайындады. Төрт ке­зеңнен тұратын жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің он облысынан 150-дей жас спортшы қатысып, жүл­делерді сарапқа салады. Турнир кестесі 15 шақырымдық жеке спортшылар сайысы, 40, 50, 60, 80 шақырымдық топтық жарыс және 30, 50 шақырымдық айналым жарыстардан тұрады. Мұнан бөлек, Ж.Сүлейменов туған жеріне жасаған осы сапары барысында Қызылорда балалар велоорталығын ашып, оған 10 велосипед тарту етті.

М.Сатыбалдиев пен Ж.Сүлей­ме­н­ов Қызылорда вело­сипед спор­ты­ның даңқы Кеңес Одағы ке­зінен бері белгілі екенін айтып, облыс бас­шылығына велотрек салу жөнінде ұсыныстарын жет­кізді. Трибуналары мен қо­сал­қы ғимараттары бар за­ма­науи велодром Сыр өңірін рес­пуб­ликадағы ірі велоорта­лықтардың біріне  айналдыруға мүмкіндік бе­рер еді. Аймақта оны үйлестіре алатын жергілікті спорт­шылар мен жаттықтырушы кадрлар бар.

Мәселен, Қазақстан ұлттық құ­рамасы штатында жастармен табысты жұмыс жүргізіп келе жатқан қызылордалық белгілі жат­тықтырушылар Берік Көпешов (ерлер командасы) пен Александр Килибаев (қыздар командасы) – білікті мамандар. Сонымен қатар, мамандар қызылордалық спорт­шылардың трек жарысы бойынша өте мықты екенін айрықша атап өтті. Жарыстың бұл түрінен рес­публикада көшбасшылар қа­тарында.

Облыс әкімінің орынбасары спорт мамандарына ризашылығын білдіріп, Қызылорда қаласында велодром салу жайлы ұсынысты облыс басшысына жет­кізетінін айтты.

“СБ” ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз