Сырдария – достық өзені

158

0

Қызылорда қаласында халықаралық Сырдария өзенінің күні іс-шарасы қорытындыланды. Биыл алғаш рет қолға алынған жобаға АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) және Қызылорда облысының әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілді. Бұл бағытта ұйымдастырылған іс-шаралар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінде жалғасын тапты. Осылайша «Сырдария – достық өзені» тақырыбымен Қызылорда қаласында мәресіне жетті.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жиынға қатысушыларға алғыс білдіріп, өзеннің көршілес, бауырлас елдер арасында достық дәнекері екенін атап өтті. Сырдарияның басым бөлігі Қызылорда облысының аумағында жатыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуыың негізгі көзі. Аймақта өндірілетін күріш елімізді қамтамасыз етеді және бірқатар мемлекеттерге экспортқа шығарылады. Сондай-ақ, балық өнімдері зор сұранысқа ие. Арал теңізінің тағдыры әмбеге аян. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Нәтижесінде теңіз аумағында тіршілік қайта жанданып, елдің байырғы кәсібіне оралуына жол ашылды. Ендігі кезекте бауырлас   елдер үшін дарияны пайдалану жүйесін ретке келтіру міндеті тұр. Сырдария өзені күнінің маңызы осы ретте ерекше сипатқа ие

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов су ресурстары кез келген мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Осы орайда еліміздің Түркістан және Қызылорда облыстарының экономикалық әл-ауқаты Сырдария өзенінің су ресурстарына тікелей байланысты екені даусыз.

– Аталған өңірлер мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін үздіксіз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан трансшекаралық су пайдалану саласында көршілес елдермен тұрақты байланыс жасап келеді. Қауіпсіздікті нығайту, суды ұқыпты пайдалану мен сақталуына бағытталған бірлескен жұмыстар жасалуда. Мемлекетаралық су проблемаларын шешуде кез келген мүмкіндікті пайдалану маңызы артып келеді. Бұл бағытта  USAID халықаралық даму жөніндегі агенттігінің жүзеге асырып отырған жобасы қолдауға тұрарлық, – деді Д.Бекмағамбетов.

Жиын барысында USAID агенттігінің су ресурстары және қоршаған ресурстар жөніндегі аймақтық жобасының жетекшісі Екатерина Стрикелова да пікірін білдірді. Оның айтуынша, Сырдария өзені күнін атап өтудің аймақ болашағы үшін маңызы зор. Сол арқылы Арал теңізі аймағында орналасқан Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде су ресурстарын басқаруға және өңірлік әлеуетті нығайтуға жол ашылады. Оған қоса Орталық Азияның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор әсерін тигізеді. Азияның орталық бөлігінде орналасқан халықтың 80 пайызының тіршілігі қос өзендегі су ресурстарына тікелей тәуелді, яғни, ол – сол өңірдегі азаматтардың өмір сүру көзі деген сөз. Өзендер көршілес бес елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді.

Сырдария өзені және Әмудария өзені бассейні өңірдің 90%-ын қамтамасыз етеді. Ол – Орта Азия халықтарының 80%-ның тіршілік көзі, Қырғыз Республикасының, Тәжікстанның және Өзбекстанның басым бөлігін, Қазақстан мен Түркіменстанның айтарлықтай бөлігін қамтиды.

USAID агенттігінің жоба жетекшісі Анна Иноземцева, Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығы су бастамаларын қолдау бағдарламасының маманы Ирина Югай Сырдария өзеніндегі қазіргі ахуалға қатысты сөз сөйледі. Кейінгі жылдары су тапшылығы орын алып отыр. Әсіресе, егін науқаны кезінде қиындық тудырып тұр. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдан бері вегетациялық кезеңдегі жағдай күрделі. Іс-шараға қатысушылар осы мәселені жан-жақты талқылап, ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, Сырдария өзені күні аясында өткізілген шығармалар мен суреттер байқауында жеңімпаз атанған жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арнайы сыйлық табыс етілді. Олардың арасында сырдария өзені бойында орналасқан барлық мемлекеттің өкілдері бар.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»