Сырдың сәні қақпадан басталады

578

0

Әлемнің әдемі әуежайларына қарап әсерімізді, таңданысымызды жасыра алмай жүретінбіз. Міне, сондай сәулеті мен сәні келіскен құрылыс Сыр елінде де жүріп жатыр. «Болат Өтемұратов Қорының» демеушілігімен Сыр өңірінде Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалының құрылысы бой көтеру үстінде.

Әуе қатынасы – облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін негізгі саланың бірі. Жиі ұшатындар жақсы біледі, әуежайда рейс күту – «азапты» іс. Әсіресе, бір қала арқылы басқа қалаға ұшсаңыз, сағаттап, кейде тіпті тәулікке жуық уақытыңызды жоғалтасыз. Бірақ жаңа терминал іске қосылса көптеген мәселенің түйіні тарқап, халыққа қызмет көрсету сапасы әлдеқайда артатын болады. Құны 33 млн АҚШ долларын құрайтын заманауи үлгідегі жаңа нысанның жалпы аумағы 3,9 гектарды алып жатыр. Айтқанымыздай, жаңа терминалда жолаушыларға халықаралық стандарт талаптарына сай барлық жағдай қарастырылған. Жоба бойынша аталған нысан 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

– Жаңа әуежай терминалының құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталған болатын. Қазіргі таңда бұл нысанның құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес орындалуда. Ауқымды жобаға тапсырыс беруші – «Болат Өтемұратов Қоры» жеке қорының қайырымдылық қаржыландыруы есебінен «Accent Development Solutions» ЖШС. Ал жобаның бас мердігері – «Elite Insaat» және «Ava Construction» ЖШС мекемесі. Бұл әуежай терминалы Қызылорда облысының экономикалық және инвестициялық жағдайын көтеруге оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Жаңа терминалдың құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін әкімшілік балансына толықтай берілетін болады. Әуежай көлемі 7,5 мың шаршы метр болса, терминалдың өзі екі қабатты болып құрылады. Сондай-ақ, бұл нысан жолаушыларға жоғары сапалы қызмет көрсету үшін соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылады. Жалпы жаңа әуежай терминалы сағатына 250 жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар мұнда халықаралық және жергілікті рейс қатынайды, – деді «Болат Өтемұратов қорының» жоба жетекшісі Абай Нұрмұханов.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, жаңа терминалдың құрылыс жұмыстары кезінде 600 адамды жұмыспен қамту көзделген. Ал жоба толығымен аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа ғимарат пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіштері бірнеше есеге артпақ.

– Жаңа жолаушылар терминалының ғимараты Қызылорда қаласындағы қолданыста тұрған әуежайдың аумағына жақын орналасқан.

Аталған ғимарат ерекше көрікті архитектуралық стильде жасақталды. Сонымен қатар әуежайдағы бірінші қабаттың биіктігі шамамен 8 метрді, екінші қабаты 6 метрді құрайды. Ғимараттың қаңқасы металл құрылымдарымен жабдықталған, – дейді жоба меңгерушісі Алпай Өздемир.

Нақты айтар болсақ, әуежайдың бірінші қабатында тіркеу орнының аймақтары, мемлекеттік органның қызметтік үй-жайлары, жалпы күту залы, билет кассаларының дүңгіршектері, бөлшек сауда мен қоғамдық тамақтану орындары, дербес тіркеу жайлары, намазхана, ана мен бала бөлмесі, трансферлік жолаушыларға арналған зал болса, екінші қабатта отырғызу залдары, жоғары жайлылық залы (VIP залы), жеке ванна бөлмелері мен тамақтану аймағы, залдарды байланыстыратын әйнектелген галерея және телескопиялық баспалдақ арқылы ұшаққа кіру жолдары орналасады екен.

«Мың естігеннен бір көрген артық» деп, құрылыс алаңындағы қызу жұмыс барысын бақылап келдік. Бір минут та тоқтап тұрған құрылысшы мен техника көрмедік. Бәрі тынымсыз тіршілік үстінде. Фототілші Нұрболат Нұржаубай болашақ әуе қақпасына айналатын тарихи құрылысты таспаға түсіріп алды. Жұмыс барысын басшылыққа алған түрік мамандары да әуежайдың Сыр елі үшін ерекше ғимараттардың бірі болатынына сендірді.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<