Табиғат тамыршылары

662

0

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» дегенді жиі айтамыз. Десе де, Табиғат-ананы қамқорлыққа алуға құлықсызбыз. Көп жағдайда қоршаған ортаны таза ұстау құзырлы мекеменің, оның аң-құсына құрметпен қарау орманшылардың ғана міндеті секілді көретініміз рас.

Қазалы қаласындағы табиғат тамыршысы, жан-жануарларының қорғаны болып жүрген Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі аудан бойынша 1 785 550 гектар жерді қарауына алған. Бүгінде Ардақ Кәдір басқаратын ұжым 5 орман алқабына бөлінген.

Бұл аумақты қорғауға орманшылық басшылары Айтуған Мұқанов, Оңталап Сары, Тағыберген Оразалиев, орманшылық басшысының көмекшілері Арыстанбек Пірманов, Қайрат Өтегенов, Қайрат Меңдібай, 14 орман шебері және 47 орманшы қызмет жасайды. Орман қорғау инженері Нұрлан Мұстафаев пен орман молықтыру инженері Айгүл Бәшен, мекеме басшысының орынбасарлары Тілепберген Мұқанбетов пен Асқар Рахметов сынды азаматтар Қазалы ауданының экологиялық мәселесінің шешілуіне біркісідей атсалысуда.

– Қарақұм орманшылығының №55 орамында 1 гектар жерге саялы ағаш тұқымбағы жасалып, оның ішінде 0,5 гектар жерге үйеңкі, 0,5 гектар жерге қара ағаш тұқымы себілді. Орман отырғызу жұмыстары барлық агротехникалық талаптары сақталып, мерзімінде орындалды.

Арал теңізінің құрғаған ұлтанына яғни, көлемі 6 мың гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылды. Өткен күзде 10 гектар жерге уақытша сексеуіл тұқымы себіліп, толық қоршалып, суарылды. Бүгінде мекемеге бекітіліп берген «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» трассасының екі жақ бетінде жасалған 7 гектарға және Әйтеке би кентінің кіреберіс жолында 2,6 гектарға күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде, – дейді мекеме басшысы.

Мұнымен қоса орманды молықтыру бойынша 102 адамға қысқа мерзімге мемлекеттік қызмет көрсетілген, яғни, тұрғындарға 55,9 гектар жер беріліп, 2 955,6 мың теңге қаржы түсірілген. Көктемгі екпе жұмыстары кезінде Сыр талының шыбықшаларынан 40 мың дана қаламша дайындалып отырғызылған.

Былтыр қосымша 10 гектар жерге түрлі ағаш көшеттерін отырғызу, облыстық бюджет есебінен механикалық тәсілмен 10660 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, орманның табиғи өсуіне жәрдемдесу жұмыстары жүргізілген. Республикалық бюджет есебінен механикалық тәсілмен  31715 гектар сексеуіл тұқымы себіліп, 57786 гектарға арық тартылған. Осы жұмыстарға 6 «ХТЗ-17221» маркалы тракторы сатып алынды.

Орман және жануарлар дүниесін күзету мен қорғау жұмыстары бойынша да бірқатар істер атқарылған. Мемлекеттік орман қоры учаскесінде орман заңнамасын бұзудың алдын алу үшін 24 рейд ұйымдастырылды.

Орман өртін болдырмау және оның алдын алу үшін аудандық ішкі істер, төтенше жағдай, өрт сөндіру, ауыл шаруашылығы бөлімдерімен бірлескен іс-шара жоспарына сай жұмыстар жасалып келеді. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, көктемгі егін науқаны кезінде шаруашылықтарға өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу үшін арнайы ескерту хаттары және үнпарақтар таратылған. Аң аулау заңдылықтарын сақтау, өртті болдырмауды ескерткен 6 аншлаг орнатылды. Жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат, түсінік жұмыстары жүргізілген. Орманды өрттен қорғау үшін 20 шақырым жерге жаңадан минералды жолақтар салынды. Қарақұм орманшылығына 2 бақылау мұнарасы орнатылған.

– Орман және дала өрттерін алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қарлаң» тас жолының бойында, Қарақұм орманшылығының №56 оралымында Қазалы аудандық төтенше жағдай, аудандық ішкі істер, өрт сөндіру бөлімдерімен, аудандық жедел жәрдем станциясымен бірлескен өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Орман қоры және оған іргелес аумақтардағы шөптесін өсімдіктерді бақылап өртеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді.

Биыл 15 қызметкерден тұратын ерікті өрт сөндіру жасағы құрылды. Өрт қаупі бар кезеңдерде мекеме ғимаратына, Қарақұм орманшылығындағы 2 мұнараға кезекшіліктер ұйымдастырылды, – дейді мекеме басшысы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<