Тәуелсіздік күні аталып өтті

311

0

Қазалы ауданы әкімдігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты шара өтті.

Шараға жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаған Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға  тоқтала кетті.

– Бүгінгі таңда Қазалы – даму қарқыны бойынша көшбасшы аудандардың қатарында. Бір ғана «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ауданда жалпы құны 3 млрд 11 млн теңгені құрайтын 42 жоба қолға алынды. Соның нәтижесінде өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, бірқатар шаруаның шешімі табылды. Мәселен Ақсуат ауылында 150 орындық клуб салынса, Ғани Мұратбаев ауылына газ тартылуда. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз.Одан бөлек, осы бағдарлама аясында көптеген әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп, жолдар мен тротуарлар салынды. Бір ғана Мұратбаев ауылында 7 көше асфальтталды.

Биыл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Бекарыстан би ауылында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылдағы ауыз су сервистік желіге қосылып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдағы 10 көше асфальтталып, 8 көше жарықтандырылды. Ол үшін қазынадан 1 млрд-қа жуық қаржы бөлінді, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Мұнан соң әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосқан бір топ  қазалылықтарды марапаттап, құрмет көрсетті.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<