Тәуелсіздіктің берік құқықтық негізі

802

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның және Азия конституциялық соттары және балама институттар қауымдастығы IV Конгресінің пленарлық отырысына онлайн режимде қатысты.

Президент 1995 жылы Бүкіл­халық­тық референдумда Қазақс­танның жаңа Конституциясы қабыл­данғанын, Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңы­мызға идеялық тұрғыдан бастамашы болғанын, іргелі құжатты әзірлеу жұмысын Елбасының өзі басқарғанын атап өтті.

– Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты. Конституция­да Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттілігін қалыптастыру үшін аса маңызды  құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғы­шарт­тар да  айқындалды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конститу­ция­ның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалып­тасқан жаңа ахуалға сай Ата заң­ның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады.

Мемлекет басшысы жалпыға ортақ демократиялық қағидаттарды нығайта түсу, адамдардың және азаматтардың құқығы мен бостан­дығына кепілдікті күшейту еліміздің алдында тұрған бас­ты міндет екеніне тоқталды. Ата Заңның ережелерін жүзеге асыру ісінде Конституциялық кеңестің маңызы ерекше екенін, аталған кеңес Конституцияның ел аумағында үстемдік етуін қамтамасыз етіп, конституциялық талаптардың мән-мазмұнын түсіндіру тұрғысынан  орасан зор жұмыс атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар биыл  Қа­зақстанның Конституциялық кеңесі Азия конституциялық соттары қауым­дастығы мен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етіп жатқанын атап өтті.

Президент сөз соңында кон­ференцияға қатысушыларды Ата Заң­ның мерейлі мерекесімен құттық­тады.

Халықаралық ғылыми-практи­ка­лық конференция барысында Еуропа кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық Экономикалық Одақ сотының төрағасы Жолымбет Бәйішов, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының бас директоры Фрауке Бахлер, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо сөз сөйледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<