Тартысты өткен турнир

302

0

2008 жыл. Астана қаласының  тұрғыны, қазыналы Қазалының перзенті Бауыржан Ахантай салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Достар» қорын құрған болатын. Игілікті істі өзге өңірлерде тұратын басқа да жерлестер қызу құптады. Осылайша, Қазалы түлектерінен арнайы спорт командасы жасақталып, бәсі биік бәсекелерде бақтарын сынаған. Сонан бері 10 жыл өтті. 

Осы аралықта Қазалы түлектері Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Қызылордада спартакиада ұйымдастырып, көрермендер ілтипатына бөленді. Атағы көпке мәлім «Қайрат» футбол командасымен, Ресей, Қырғыз елінің аяқдопшыларымен жолдастық кездесу өткізді. Спорт бәсекесіне арнайы шақырылған қазалылық спорт ардагерлері үнемі белсенділіктерімен ерекшеленіп жүрді. Қазалыдан жасақталған ардагер спортшылар командасының көшбастары ретінде танымал азамат Толыбай Жүсіповтің есімін атап  кеткен жөн. 

Мәнісі зор спорт шараларына бастамашы болып жүрген ел азаматтарының  қатарында кезінде аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарған саңлақ спортшы, бүгінде беделді де лауазымды қызмет атқарып жүрген тұлғалардың бары көңілге қуаныш ұялатады. Бір қызығы, осы азаматтардың балалары да Астана, Алматы, Қызылорда мен Қазалыда командалар жасақтап, игі жолды жалғастырып келеді. 

Мереке қарсаңында Қазалы ауданының ардагерлері кіші футболдан жарыс өткізді.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев салауатты өмір салтын қалыптастырып, үнемі спортты жанына серік еткен азаматтардың бұл үрдісі келешек ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтып, ұйымдастырушыларға  ризашылығын білдірді.

Мұнан соң танымал палуан, грек-рим күресінен ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, Астана қаласынан келген  Жаңабек Бейбітов аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, №216, 234, 70 мектеп, №266 мектеп-лицей оқушыларына футбол формаларын табыстады.  

Аса тартысты өткен жарыста «Астана» командасы жеңімпаз атанды. Ал, қалған орындарды «Қазалы-1», «Қазалы-2», «Замандастар» командасы еншіледі. Айта кетерлігі, осы жолғы жолдастық кездесуге Астана, Алматы, Тараз, Ақтау, Қызылорда қаласы мен Мәскеуден де ойыншылар келіп қатысты.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<