Тегін медициналық көмек барлық азаматтарға көрсетіледі

1622

1

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі МӘМС жүйесіне қатысу мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға көрсетіледі, ТМККК пакеті бойынша медииналық қызметтерді ұсынудан бас тартылмауы тиіс, деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.

Қор филиалында қазақстандықтар қандай тегін медициналық көмекке сене алатынын түсіндірді.

«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі сақтандырылған мәртебесінің болуына қарамастан, барлығына ұсынылады. Медициналық сақтандыру қорына медициналық сақтандыруларының болмауына байланысты оларға медициналық көмек көрсетуден бас тарту жағдайлары туралы пациенттердің  шағымдары жиілеп кетті. Бұл ретте ТМККК-ге кіретін медициналық көмек оған мұқтаж кез келген пациентке тегін және кедергісіз көрсетілуі тиіс екенін атап өткен жөн», –  деді Бақыт Исмаханбетов.

Мемлекет бұрынғыдай халықты базалық медициналық қызметтердің қажетті пакетімен қамтамасыз етеді:

– ЖЕДЕЛ ЖӘНЕ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК (қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызу);

– ЕМХАНАЛАРДА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ (терапевтпен, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулары бар тар мамандардан қабылдау және консультация беру, зертханалық қызметтер, диагностика, емдеу, вакцинация, скринингтер, 1 жасқа дейінгі балаларды патронаждау, жүктілікті жүргізу);

– ДИАГНОСТИКА ЖӘНЕ ЕМДЕУ:

әлеуметтік маңызы бар ауруларда (туберкулез, АИТВ, психикалық бұзылулар, қатерлі ісіктер);

негізгі созылмалы аурулар (диабет, артериялық гипертензия, вирустық гепатит, ревматоидты артрит және т.б.);

айналадағылар үшін қауіпті жіті жұқпалы аурулар.

Сондай-ақ, белгілі бір аурулар мен жағдайлар бойынша диспансерлік есепте тұрған азаматтардың санаттары тегін негізде дәрі-дәрмек ала алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<