Техникалық қауіпсіздік күні өтті

981

0

«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ ұйымдастыруымен техникалық қауіпсіздік күні өтті. Әр айдың үшінші аптасында тұрақты өткізіліп тұратын шараның мақсаты – техника қауіпсіздігін сақтау ережелерін түсіндіріп, оқыс оқиғалардың алдын алу.

Іс-шараға облыстық бақылау басқармасының еңбек қауіпсіздігін бақылау жөніндегі бөлім бастығы Гүлсім Нұғманова, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжас Исмалаев қатысты. Жиында қалалық электр тарату тораптары басқармасы директоры Ерболат Кәленов бұйрықтар мен өкімдерді таныстырды. Сондай-ақ, былтыр еліміздің энергетика нысандарында болған жазатайым оқиғалар, Тереңөзек АЭТ-нде орын алған оқыс оқиға туралы айтты.

Мұнан соң қызметкерлер техникалық қауіпсіздікке байланысты бейнежазбаны тамашалап, «Максим» тренажерлі манекенінде алғашқы көмек көрсету бойынша жүрегіне массаж жасап ауызына дем беру арқылы тірілту жаттығуын өткізді.

«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Нұрбай Ізтілеуовтің айтуынша, техникалық қауіпсіздік күні жылына 12 рет өткізеді.

– Энергетика саласы – өте қауіпті сала. Сондықтан қызметкерлерге үнемі қауіпсіздікті еске салып отырамыз. Ай сайын белгілеген күнде техникалық қауіпсіздік күнін өткіземіз. Бір айдың ішінде қандай қауіпсіздік ережелерін бұзғандар бар, соған байланысты бұйрықтармен таныстырамыз. Сол арқылы персоналдар қандай қателіктер жібергенін талқылап, талдаймыз. Алдағы уақытта сондай қателіктерді болдырмау мақсатында жұмыс істейміз, – дейді Нұрбай Ізтілеуов.

Айта кетсек, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-да мыңнан астам қызметкер бар. Оның ішінде болған ақауларды тез арада қалпына келтіру бригадаларында 800-ден астам персонал жұмыс істейді.

Техникалық қауіпсіздік күні барысында кабельдік желі шебері, тарату тораптары шеберлері, электротехникалық лаборатория шебері, электр энергиясын есепке алу жөніндегі бастық орынбасары, учаске бастықтары өз персоналдарына, бас инженер кезекші диспетчерлерге нұсқамалар жүргізіп, оқу өткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<