Телефон арқылы сөйлесті

664

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.

Президенттер түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективаларын стратегиялық серіктестік пейілде талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Самарқанд қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің күн тәртібін қарастырды.

Құттықтау жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Ұлыбритания Премьер-министрі Лиз Трассқа құттықтау жеделхатын жолдады.

Президент Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Лиз Трассты Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-министрі болып тағайындалуымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Лиз Трасс үкіметті басқарған кезеңде Ұлыбритания бұдан да гүлденген және орнықты мемлекет құру жолында табанды түрде ілгерілей беретініне сенім білдірді.

– Қазақстан Ұлыбританиямен берік достық байланыстарға, ортақ құндылықтар мен басымдықтарға негізделген әрі ұзақ жылдар бойы қалыптасқан стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Қазақ-британ көпқырлы қарым-қатынасын одан әрі нығайту және өзекті жаһандық мәселелер бойынша ұстанымдарымызды үйлестіру үшін тығыз ынтымақтастыққа дайын екенімді жеткізгім келеді, – деп жазылған Мемлекет басшысының жеделхатында.

Орталық басқарушысы есеп берді

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысының қазіргі нәтижелері, сондай-ақ Президенттің маусым айында АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің отырысында берген тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берілді.

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, АХҚО-да әлемнің 65 елінен 1500-ден аса компания тіркелген. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі 6,9 миллиард долларға жеткен.

Astana International Exchange (AIX) биржасы арқылы 321 миллион доллардан астам акционерлік капитал және 2,1 миллиард доллар қарыз капиталы тартылды.

АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы жалпы 1200-ден астам даулы мәселені қарастырған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) жуырдағы есебінде АХҚО-ның салық режимі салық ашықтығының жаһандық стандарттарына сай келеді деп танылғаны жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің экономикалық дамуында «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, шетелдік инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажет екенін айтты.

Атқарушы директорды қабылдады

Президент АӨСШК Хатшылығының атқарушы директорын қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының қазіргі қызметімен және Қазақстанның осы ұйымға 2020-2022 жылдардағы төрағалығының қорытындысымен танысты. Әңгімелесу барысында 12-13 қазанда елордада өтетін АӨСШК-нің VI саммитіне дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.

АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Мемлекет басшысына алдағы саммиттің қорытынды құжаттарының жобаларын келісу үдерісі туралы баяндады.

Сонымен қатар Президентке АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жоспары жөнінде мәлімет берілді. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру – Қазақстанның стратегиялық мақсаты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы алдағы саммитті жоғары деңгейде  ұйымдастыру және АӨСШК-дегі мақсаттар мен міндеттерді тиімді іске асыру аса маңызды екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<