Теңізді өлкеде тындырымды тірлік көп

485

0

Арал ауданының әлеуметтік-экономикасына ықпал ететін барлық салаларында оң қарқын. Макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім бар. Биылдың өзінде ауданның әлеуетін арттыру бағытында индустрияландырудың ІІІ бесжылдығымен мыңнан аса адамды жұмыспен қамтитын 7 жоба жүзеге асырылмақ.

Бұдан бөлек, осы жылы «Тезис» компаниясы арқылы құны 10 млрд.теңгеге жуық қаржыға ауылдық елдімекендерде күн сәулесі электростанцияларын орнату жоба іске асырылады. Сондай-ақ, биыл ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған 14 жоба қолға алынбақ.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов айтты.
– Өздеріңізге белгілі, әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты экономикалық қиындықтар біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Осының әсерінен ауданымызда бірнеше инвестициялық жобалардың іске қосылуы кешеуілдеді. Дегенмен, атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында былтыр ауданымызға 16,7 млрд.теңге көлемінде инвестиция тартылып, өсім 102,1 пайызға артты. Ал өнеркәсіп өндірістері 24,6 млрд.теңгенің өнімін өндіріп, 23,9 пайызға артты. Жалпы өндірілген өнімдердің 70 пайызы өңдеу саласына тиесілі. Сонымен қатар индустрияландырудың ІІІ бесжылдығында 1600-ден астам адамды жұмыспен қамтитын 9 жоба іске асырылды. Кәсіпкерлік саласында да серпінді бастамалар баршылық. Атап айтқанда, ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны – 6038 бірлікті құрап, оның ішінде жұмыс істеп тұрған нысандардың 95,2 пайызы тұрғындар үлесінде. Аудан азаматтарын кәсіпкерлікке бейімдеу мақсатында былтыр Арал қаласында алғаш рет «Кәсіпкерлік үйі» ашылды. Бұл нысанда кәсіпкерлерге және бизнеспен айналысуға ниетті жандарға қажетті кеңестер берілуде. Бұдан бөлек, Аралда құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Нақтырақ айтқанда, былтыр 7,0 млрд.теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде өсім 122,7 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, 29 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй ел игілігіне табысталды. Ал «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Аманөткел ауылында 2021 басталған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, тұрғындарға пайдалануға берілді, – деді аудан әкімі Серік Сермағамбетов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<