Тілшілік, елшілік Һәм мерейлі жас

491

0

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері, Қазақстан Республикасының мәдениет  қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ержан Уәйісті қабылдап, мерейлі 70 жасымен құттықтады. Белгілі журналистің өнегелі өміржолына тоқталып, дара қолтаңба иесіне Сыр жұртшылығы атынан ризашылығын жеткізді.

Еңбек жолын Алматыда Қазақ телевизиясында режиссердің көмекшісі қызметінен бастап, 1969-1992 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы телерадио комитеті (Қазақ телевизиясы мен радиосының) «Егемен Қазақстан», «Халық Кеңесі», «Заман Қазақстан» газеттерінің және Қазақстан ақпарат агенттігінің Түркиядағы арнаулы тілшісі, Германиядағы «Азаттық» радиосының Түркиядағы тұрақты, меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң Қазақстан телевизиясы мен радиосының Түркия республикасындағы тұңғыш тұрақты арнаулы тілшісі болды. Түркиядағы Қазақ елшілігінде дипломатиялық қызметте жүріп, Стамбул қаласында Қазақстанның тұңғыш Бас консулы қызметтерін атқарды.

– Бүгінде Ержан Үбайдаұлы «Достық үйінде» аймақтағы қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайту бағытында жемісті еңбек етуде. Мемлекеттік қызметтермен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Сыр өңірінің рухани дамуына зор үлес қосып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары. Мұнан кейін мерейтой иесіне облыстың Құрмет грамотасын тапсырып, иығына шапан жапты.

Шара барысында замандасы, қаламгер Бегімбай Ұзақбаев сөз алып, бірге оқыған досының 15 жасында орта мектепті алтын медальмен аяқтағанын айтты.

– Қазақтың ортасынан шығып, тұңғыш рет шетелдегі меншікті тілшісі болды. Түркияда меншікті тілші болған кезінде екі президентпен қатар сұхбат жүргізді. Екі ел арасындағы халықаралық татулықты нығайтып, алтын көпір орнатуға  атсалысты, – деді жазушы.

Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыпар Қарабала игі тілектерін арнады.

Айта кетейік, белгілі тележурналист, дипломат Ержан Уәйіс тағы да Түркияда жұмыс жасауға шешім қабылдап, дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркия еліндегі өкілдігінің жетекшісі қызметіне тағайындалып отыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<