Тіркелу мен сақтандыру тиімділігі

289

0

15 қыркүйектен бері елімізде емханаға тіркеу науқаны жүріп жатыр. Ол екі айға жалғасады. Қызылорда қаласындағы №6 емханаға науқан басталғалы 337 адам тіркелген. Медициналық ұйым есебіндегі жалпы адам саны 67 мыңнан асады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз турында дәстүрлі шараның, сонымен қатар биыл толық іске қосылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тиімділігі туралы сөз болды.

Дегенмен, азаматтар жыл соңына дейін бұрын өзі бекітілген емханада қызмет алуды жалғастыра береді. Емхананы бірнеше жағдайда, атап айтқанда, тұрғылықты жері бір айдан астам уақытқа өзгерсе, емханада қайта ұйымдастыру жұмысы жүргізіліп, МӘМС аясындағы қызмет көрсетушілер қатарынан шығып кетсе, ауыстыруға құқылы. Одан бөлек, кез келген қазақстандық жылына бір мәрте ерікті таңдау жасай алады. Дегенмен, есепке алынған адам санының шамадан тыс көп болуына байланысты БМСК ұйымы азаматты тіркеуден бас тартуы мүмкін.

– Науқанға орай бізде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Келушілер төлқұжаты мен электронды цифрлы қолтаңбасын қоса ұсынады. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азамат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде ем алуға құқылы. Ал жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауында болу, қымбат бағалы тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінің қатысушысы болуы қажет, – деді емхананың бас дәрігері Жаннат Қожарипова.

Сала мамандары емхананы тұрғылықты жерге мейлінше жақын маңнан таңдауға кеңес береді. Өйткені бұл медицина мамандарының науқасты үнемі қадағалап, тіпті үйіне барып көмек көрсетуі үшін ыңғайлы.

Бүгінде 8 мыңнан астам қызылордалық ешқандай алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында тіркелмеген. Алайда, қор филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов статистика әлі де жіті зерттеуді қажет ететінін атап өтті. Тізімді сүзгіден өткізіп жаңалаған жағдайда бұл цифр едәуір кемуі мүмкін. Әлгі 8 мыңның 600-ден көбі – аталған емханаға қарасты аумақ тұрғындары. Ж.Қожарипованың айтуынша, түгендеу жұмысы кезінде соның тең жартысынан астамы шет елге көшіп кеткен болып шықты. Тағы біраз адам басқа өңірлерге қоныс аударып, өзге емханаларда медициналық көмек алуда.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көмегі сақтандырылу мәртебесіне қарамастан кез келген адам үшін қолжетімді. Ал одан тыс қосымша қызмет түрлері МӘМС пакетіне тиесілі.

– Дәлірек айтқанда, сақтандырылған азаматтар бейінді мамандардың қызметіне жүгініп, КТ, МРТ, УДЗ сияқты диагностикалық тексерулерден өте алады. Сонымен қатар, жоғары технологиялық медицина, зертханалық диагностика, күндізгі, тәуліктік стационар қызметтері, оңалту емдері тиесілі. Ол үшін дәрігер жолдамасы қажет, – деді Б.Исамаханбетов.

МӘМС жүйесі қалтаға салмақ түсірмейтінімен тиімді. Баспасөз туры кезінде біз барған «Q Med» клиникасының директоры Раушан Базарбай бұрын пациенттер 350 мың теңгеге дейін шығындалғанын айтты.

– Енді медиициналық қызмет сақтандырылған азаматтар үшін тегін. Бар болғаны дәрігердің жолдамасымен келуі керек. Жүйе шеңберінде жыл басынан бері клиникада 300-ге жуық адам ем алды. Бізде тұзды шахта, дренажды массаж, гидротерапия сияқты 100-ден астам қызмет түрі көрсетіледі. Келушілер 10-14 күн шамасында күндізгі немесе тәулік бойғы стационар көмегіне жүгіне алады, – дейді ол.

Бүгінде облыс халқының 80 процентке жуығы МӘМС қатысушылары қатарында. Сақтандырылмаған адамдар саны 147 мыңнан жоғары. Әркім өзінің мәртебесін электрондық үкімет порталы, қордың ресми сайты, Telegram-дағы SaqtandyryBot және «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы біле алады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз