Тоғызқұмалақтан халықаралық турнир басталды

569

0

«Нұрсәт» теннис орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан Халықаралық турнир өтеді. Осыған орай, бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталмыш жарысқа 2017 жылдан бастап халықаралық дәреже беріліп, қатысушылар саны жыл сайын көбейіп, маңызы артып келеді. Биыл Сыр өңірінде 16-ші мәрте өткізіліп отырған турнирге Ауғанстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Моңғолия және Қазақстанның әр өңірінен келген тоғызқұмалақшылар бәсекеге түседі.

Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашып, жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен бірге, ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Мақсат Шотаев Тоғызқұмалақ ұлттық спортының елімізде алатын рөлі мен оны дамыту жолында жасалған жұмыстарды айтып өтсе, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Колхозбек Әжібеков өз құттықтау сөзінде барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Нәлқожа Ергешбаев ұрпақтары атынан облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев сөйлеп, қатысушылар және төрешілер құрамымен таныстырып өтті.

Әрі қарай салтанатты шара мерекелік көңіл-күйге ұласып, мәдениет саласының майталмандарының өнеріне ұласты. Айта кетейік, жарыс «Нұрсәт» теннис орталығында 1-5 наурыз аралығында өтіп, 5 наурыз күні қорытындыланады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<