Кеше ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша кеңес өткізді. Онда азық-түлік бағасының өсуін тежеу, инвестиция тарту және өңірлердегі өзекті әлеуметтік проблемаларды шешу мәселелері қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы 17,4%-ке көтерілгенін хабарлады. Ең көп өскен пияз, қант, сәбіз, картоп, қарақұмық, макарон, ұн және қырыққабаттың бағасы. Ал тауық жұмыртқасының бағасы төмендеген.
Өңірлер бөлінісінде азық-түлік Жетісу және Жамбыл облыстарында (19%), Алматы, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында (18,9%), сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында (18,6%) қымбаттаған.
Әлихан Смайылов «айналым схемасы» шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру бойынша жұмысты жандандыруды, тұрақтандыру қорларының толықтырылуын қамтамасыз етуді және бөлшек сауда үстемесіне мониторинг жүргізуді тапсырды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне көтерме жеткізушілердің бағалық сөз байласу және бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерін бақылауды күшейту, Қаржылық мониторинг агенттігіне заңсыз қант сатушылардың қызметтерінің жолын кесу, оның ішінде әлеуметтік желілер мен жарнамалық қосымшалар арқылы сатуды болдырмау, сондай-ақ қант жеткізу арналарын бақылауға алу жүктелді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселені қарау барысында Үкіметтің ҚР инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасын қабылдағаны атап өтілді. Оның шеңберінде негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жаңартылған индикатор 2026 жылға қарай ЖІӨ-нің 25,1% деңгейінде белгіленді.
Кеңеске қатысушылар өңірлерде жалақы бойынша берешекті болдырмау, еңбек дауларын шешу және алдын алу мәселелерін талқылады.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірлесіп жұмыс жасап, маңызды мәселелердің алдын алуда іс-шара қабылдауды тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<