Түсіндірме берді

276

0

Өткен сенбіде қала іргесіндегі Қарауылтөбе ауылдық округіндегі газ баллонының жарылуы және Арал ауданы Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты Сорбеткей елді мекеніндегі бастауыш мектеп мұржасынан өрт шығу оқиғаларына байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде тиісті сала өкілдері брифинг берді.

Облыстық жұмылдыру басқар­масы басшысының орынбасары Ерлан Бәкіровтің айтуынша, 23 ақпан күні сағат 16:25 шамасында 112 бірыңғай басқару пультіне хабарлама түскен. Хабарламада Қарауылтөбе ауылындағы жеке үйде газ баллоны жарылысынан үй қабырғасы құлап, астында адамдар қалғаны айтылған. Хабарлама түскен бойда төтенше жағдайлар қызметінің авариялық құтқару қызметінен шұғыл түрде мамандар жолданып, адамдарды құтқаруға кірісті. Олардың бірі жамбас сүйегі жарылуымен, екіншісі І,ІІ дәрежелі термиялық күйік алғаны анықталып, ауруханаға жатқызылған. Жинақ­талған материалдар төтенше жағ­дайлар басқармасы мен об­лыстық полиция басқармасына жолданды.  Оқиға себебі тергеу әрекет­терінің қорытындысы бойынша белгілі болады.

Айта кетелік, сол күні Арал ауданы Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты Сорбеткей елді мекеніндегі №21 бастауыш мектептен өрт шыққаны туралы ақпарат тараған. Арал ауданы әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов осы оқиға жайлы түсіндірме жасады.

– Бастауыш мектеп мұржа­сының айналасынан бықсып өрт шық­қанын байқаған ауылдың ерікті жасақшылары сол мезетте сөндірген. Ешқандай зардап шегу жағдайлары болған жоқ. Бүгінде мұржа қалпына келтіріліп, сабақ жалғасуда, – дейді ол.

Айта кетелік, елді мекендегі бұл ғимарат 2006 жылы «Ауыл жылына» орай жас мамандарға баспана ретінде салынған. 2010 жылы бұл үйді аудандық білім бөлімі теңгеріміне алып, бастауыш мектеп ғимаратына пайдалануға берген. Бастауыш мектепте 13 бала білім алуда.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<