«Тұлпар мініп, ту алған!»: Шиелі ауданы бойынша жеңімпаздар анықталды

621

0

Шиелі ауданының орталығындағы «Арман» мәдениет үйінде «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті. Оған аудан мектептерінде 6-10 сыныпта оқитын 102 оқушы қатысып, өз бақтарын сынады.

Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.

Іс-шараның ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздық сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік тіледі.

– Қоғам талабымен үйлесім тапқан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының балалар арасында кең қолдау табуында да ерекше мән бар. «Сыр елі – жыр елі» атанған киелі мекенінде дүниеге келген балалардың батырлар жырына қызықпауы мүмкін емес. Байқау арқылы ата-бабамыздың тәрбие тәсілі қайта жаңғырып жатыр. Сондықтан бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, қайта жаңғыртылуы игі бастама. Біз тек атадан қалған сырлы сөздер мен рухани үлгімен ғана рухани түлеп, саналы түрде жаңғырамыз. «Тұлпар мініп, ту алған!» секілді жобалар арқылы бай мұрамызды бойына сіңірген, ұлттық рухы мықты ұрпақ өсіп-өнеді, – деді ол.

Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

Байқауға «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздық, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан, аудандық білім бөлімінің әдіскері Әмина Тәжиева, Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығының сценаристі Айзада Әшімқызы, журналист Елдос Жүсіп, аудандық «Нартай» өнер мектебінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісов, Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Ақсамал Рысбаева қазылық етті.

Батырлар жырын жаттап, бақ сынағандардың қарасы қалың болды. Аудан мектептері бойынша жырға жаны құмар оқушылар «Едіге батыр» жырын жатқа, мәнерлеп, нақышына келтіре айтып шығуы керек. Сайыста оқушылардың жырды жатқа айтқа айту барысында кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы ескерілді.

Нәтижесінде, қазылар шешімімен Шиелі ауданы бойынша келесі оқушылар жеңімпаз атанды:

1 орын(150 мың теңге) – №181 орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақзерек Исмайлова, дайындаған мұғалімі Мөлдір Әбсұлтанова;

2 орын(100 мың теңге) – №149 мектептің 9-сынып оқушысы Құралай Исаханова, дайындаған мұғалімі Ләззат Түменбаева;

3 орын(50 мың теңге) – №251  мектептің 9-сынып оқушысы Мөлдір Мұзарапова, дайындаған мұғалімі Ұлжан Бименді.

Байқау жеңімпаздарын аудандық білім бөлімінің әдіскері Әмина Тәжиева құттықтады. Сондай-ақ, «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжаһан Сағындыққызы жүлдегерлерге байқаудың келесі кезеңіне сәттілік тілеп, жүлделерін табыстады.

– Бүгінгі байқау ұстаз бен шәкірт бірігіксе алынбайтын қамал жоқ екенін дәлелдеді. Жүзден жүйрік шыққан үш оқушымыз облыстық кезеңге қатысады. Аймағымыздан барлығы 700-ден астам, әр ауданнан 100-ден астам оқушы қатысуда. Бұл «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұстаздар тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыс көрінісі, – деді Гүлжаһан Сағындыққызы.

Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, үздік үштіктен көрінген қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз