Туған күніңмен, Қызылорда!

988

0

Биыл Қала күні мерекесі 9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында кең көлемде аталып өтіледі. Іс-шаралар тізбегі «Қызылорда – жастар қаласы» тақырыбымен бастау алды. Мереке аясында қалалық «Жастар театры» 8-маусымын белгілі драматург Жолтай Әлмаштың «Отырардың жасыны» тарихи драмасымен ашты. Жастардың өнерін тамашалауға қала әкімі Асылбек Шәменов те келді. Әбу Насыр әл Фарабидің жастық шағы суреттелетін тарихи драма аяқталған соң, «Жастар театрының» артистеріне құрмет ретінде шаһар басшысының ықылас гүлі ұсынылды.

Мерекелік іс-шаралар легі қала күні тарихында бұрын-соңды болмаған «Жастар карнавалына» ұласып, жалынды жастар Қорқыт ата кешенінен орталық алаңға дейінгі жолды жаяу жүріп өтіп, қала көшелерін думанға бөледі. Қаламыздағы 9 іргелі оқу орнынан құралған 500-ден астам студент шаһар тұрғындарын мерекелік көңіл күйге бөледі.

Қызылордада алғаш рет жастардың сұранысы негізінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Менің сүйікті қалам» мобилографтардың республикалық фестивалі өтті. Онда  елімізге танымал мобилограф, режиссер Қыран Талапбек және «Kyran Films» ұжымы жиналған жастарға мобилография саласындағы тәжірибелерін бөлісті. Кездесу соңында мобилографтардың ортақ тобы құрылып, екі жас кәсіпкерлер тарапынан бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс алды. Айта кету керек, фестиваль аясында өткен байқауға қатысуға 70-тен аса қатысушыдан 100-ден аса өтінім түскен. Қатысушылардың басым бөлігі Қызылорда қаласынан, Арал, Қармақшы, Жаңақорған, Жалағаш аудандары мен Алматы қаласынан келген. Олар қала күніне орай «Менің сүйікті қалам» тақырыбында креативті бейнероликтер түсірді.

Қала күні мерекесінің салтанатты ашылуына арналған гала-концерт орталық алаңда өтті. Шаһар басшысы Асылбек Шәменов республикалық мобилографтар конкурсының «Жастар карнавалының» жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Қала тұрғындары мен қонақтарына құттықтауын арнады.

− Екі ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда қаласы бүгінгі күні халықтың айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, әлеуеті артқан қалалардың біріне айналып, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Тарихы бай, өткен ғасыр басында ұлт зиялылары қызмет еткен рухани орда − Қызылорда қаласының бейнесінде терең рухани мән жатыр. Бұл – тек жарқын, заманауи облыс орталығы ғана емес, біздің елімізге астана болған әрі тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһар. Қалыптасу тарихының әр кезеңі жеке-жеке баяндалып, зерделенетін, сонымен қатар, азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған қала. Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалатын Қала күні барша қызылордалықтар асыға күтетін мерекелердің біріне айналды. «Алаштың Ақмешіті» атанып, қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласының төл мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Сүйікті Қызылордамыз жасарып, жайнай берсін!, − деді қала әкімі

Мерекелік кеш өнерпаздардың концерті мен елімізге танымал жайдарманшылардың фестиваліне ұласты. Айта кету керек, Қала күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар 14 қазанға дейін жалғаспақ.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<