Туған жердің топырағы бұйырды

579

0

Соғыста қаза тапқан аралдық жауынгердің сүйегі туған жеріне оралды. Арнайы борт арқылы Ресейден Қазақстанға, одан облыс орталығына жеткізілді. Сыр бойынан шыққан азаматтың сүйегі осылайша 78 жылдан соң туған өлкесі Аралдың Бекбауыл ауылына жақын «Нұрша» қорымына қойылды.

Осы хабар әлеуметтік желіден бөлек, елдің бас басылымы – «Egemen Qazaqstanda» жазылған еді. Ресейлік «Витязь» іздеушілер тобының командирі Дмитрий Федосовтың бастауымен Тверь облысының Зубцов ауданындағы қазу жұмыстары кезінде Отан соғысында оққа ұшқан сарбаздың сүйегі табылған. Жауынгермен бірге жерленген кішкентай құтының ішінен шыққан құжаттарды зерттеген Мәскеудегі «Солдатский медальон» атты іздеушілер орталығы мамандары мәңгілік мекенін Тверьден тапқан сарбаздың майданға Сыр бойынан шақырылған Келіс Жиенбаев екендігін анықтапты. Іздеушілер мәліметінше ка­питан Жиенбаев 1942 жыл­дың тамызында көз жұмған.

– Капсула өте жақсы сақ­талған. Мәтін қарын­дашпен салынған, сондықтан біз арнайы техниканың көмегінсіз жазбаларды оқыдық, – дейді зертхана сарапшысы Олег Гусев. Іздеушілердің айтуынша, қазақ жауынгерінің туыс­тарын табу үшін қолдан кел­геннің бәрін жасаған.

Мәліметке сүйенсек, капитан Жиенбаев 180-ші ат­қыштар дивизиясы 31-ші Батыс майданы әс­кер­лері құрамында болып, Тверь облысы Зуб­цов ауданындағы кезекті шай­қастардың бірінде 1942 жылдың тамыз айында ұрыс кезінде қаза тапқан.

Облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, әскери қыз­меткерлер жауынгердің сү­­йегін «Қорқыт ата» әуе­жайынан күтіп алды. Ал жерлеу рәсімі туған жерінде өтті. Шараға Қы­зылорда гарнизоны бас­шылығы, қалалық әкімдік пен қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің өкілдері және жауынгердің туыстары қа­тысты. Осынша жылдан кейін табылған соғыс солдатын туған топырағымен қауыштыруға себепші болған ұйымдас­тыру­шыларға Келіс Жиен­баев­тың туыстары ал­ғыс білдірді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<