Үшінші оқу тоқсаны

980

0

 ҚР Білім және ғылым министрлігінің осы жылғы 6 қаңтардағы  бұйрығына сәйкес, оқушылардың қысқы каникул мерзімі 17 қаңтарға, ал колледж студенттерінің каникул мерзімі 24 қаңтарға дейін ұзартылған болатын. Ал, 17 қаңтардан бастап аймақтың мектеп оқушылары үшін ІІІ оқу тоқсаны басталды.

Эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, өңір «қызыл» аймаққа енді. Бас санитарлық дәрігер қаулысына сәйкес облыс және аудан орталықтарындағы мектептерде сабақ 31 қаңтарға дейін қашықтан оқыту форматында жүргізілетін болды. Сонымен қатар, арнайы мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған, жалпы үлгідегі, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар қашықтан оқиды.

Ал колледж студенттері қысқы каникул мерзімі аяқталған соң академиялық күнтізбеге қарай 6 ақпанға дейін онлайн форматта білім алады. Бұл ретте колледждерде аралас форматтағы оқыту ұйымдастырылады. Барлық лекциялар онлайн, ал, практикалық, лабораториялық, семинар сабақтар штаттық режимде жүргізіледі.

Ауылдық мектептерде оқу дәстүрлі түрде жалғасады, сондай-ақ, өңірдегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс жасайтын болады. Ал, балалардың түзету кабинеттері, балалар мен ересектердің білім беру орталықтары үшін (мектептен тыс ұйымдар) 15 адамнан аспайтын жағдайда штаттық режимде жұмыс жасауға рұқсат етіледі.

Қашықтан оқыту кезінде барлық мектептер интернетке қосылған, жеке электронды құрылғылармен қамтамасыз етілген. Сондықтан мектеп педагогтары күнделікті сабақты мектепке келіп жүргізеді. Бұл ретте барлық білім беру ұйымдары облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қолданыстағы қаулысына сәйкес күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасайтын болады. Айта кетейік, білім беру ұйымдары «ASHYQ» қосымшасына енгізілген, сонымен бірге, маскалық режимді сақтау міндетті.

– Офлайн форматта жұмыс жасайтын білім беру ұйымдарында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі бойынша барлық сақтық шаралары қабылданған. Мектептер санитарлық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Оқу орындарын желдету, ылғалды тазалау, кварцтаудан тұратын кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Облыстағы  311 мектепте білім алатын 1-11 сынып аралығындағы оқушылар контингенті 176771. Аймақтың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына орай, қала және аудан орталықтарында орналасқан 115 мектептегі 116919 немесе оқушылардың 68%-і қашықтан, сондай-ақ, 180 ауылдық елді мекенде орналасқан мектептердегі 53795 оқушы (32%) сабақты дәстүрлі түрде өтуде.

Қашықтан білім алып жатқан 116919 оқушының интернетке қолжетімділігі мен электронды құрылғылармен қамтылуына сараптама жүргізіліп, нәтижесінде 12 мыңнан астам оқушыға компьютер және басқа да электронды құрал-жабдықтар таратылды. Жалпы аймақтағы барлық білім беру ұйымдары интернет-платформаларға қосылған.

Кәмелеттік жасына толмаған оқушылар мен студенттерді коронавирусқа қарсы вакциналау жүргізілуде. Атап айтқанда, аймақтағы 30 колледждегі 16-17 жас аралығындағы 7850 студенттің 4116-сы, сонымен қатар, 5 мыңнан астам оқушы екпе қабылдады. Барлық білім беру ұйымдарындағы педагог және кіші қызметкерлер ревакциналаудан өтіп жатыр. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы эпидемиологиялық ахуал басқарманың тұрақты бақылауында, – дейді басқарма басшысы А.Қасымова.

Басқарма басшысы алдағы уақытта өңірдегі эпидахуалға қарай білім саласы бойынша қолданыстағы қаулыға өзгеріс енгізу үшін бірқатар ұсыныстары бар екенін атап өтті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<