Ұлт тарихын ұлықтаған тұлға

1401

0

Биылғы жыл «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымы үшін айрықша болғалы тұр. Бұған маңызды себептің бірі – ел руханиятына өлшеусіз үлес қосқан, киелі Әулиеата топырағындағы бай тарихи-мәдени мұрамызды қорғау, сақтау, насихаттау жолына 20 жылын арнаған белгілі қайраткер Тәкен Молдақыновтың мерейтойы.

Ол – бітім-болмысы бөлек, тура мінезді, ел мен жердің, жалпы жаһан­ның тарихына жетік, араб, қытай, орыс тілдерінде еркін сөйлейтін зерек жан­дардың бірі. Тараз қаласындағы инс­титут қабырғасында ұстазым, про­фес­сор Ю.Киселёвтің нұсқауымен «Ежел­гі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейіне алғаш жұмысқа келгенімдегі Тәкен ағаның бейнесі әлі есімде. Ол бар зейінімен шұқшиып, кітап оқып отыр екен. Түйіндемемді қарап шығып, біраз сұрақ қойды. Соңында «мақала жаза аласың ба?» деп сұрады. Ертеңінде екі-үш мақаламның көшірмесін алып музейге келсем, Тәкен ағай ескерткіштерді аралауға кетіп қа­лыпты. Мақалаларымды қабылдау бөлмесіне қалдырып кеттім. Сол күні кешке ағаның өзі қоңырау шалып, ертеңнен бастап жұмысқа кірісу керек екенін айтты. Міне, сол күннен бас­тап тарихи-мәдени мұрамызды қорғау жолында Тәкен ағамен тізе қосып жұмыс істеп келе жатырмыз.

Тәкен ағай біз үшін тек директор ғана емес, өмірлік ұстаз, үлгі тұтар азамат болды. «Директормын» деп шіренбей, қаламызға келген қонақтарға үлкен басымен экскурсия да жүргізеді. Ұжыммен бірге сенбіліктерге шығып Қарахан, Айша бибі кесенелерінің, Ақыртас кешенінің шөбін жұлып, тазартатын. Биыл «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығына 25 жыл толып отыр. Оның 20 жылында мекемеге Тәкен Молдақынов басшылық етті. Еңбек жолын музейіміздің дамуына арнады.

Тәкен ағамыз музей құрылған 90-жылдардың соңындағы қиын-қыстау кезеңде мекеменің ғимараты етіп 1903 жылы салынған бұрынғы көпестің үйін бергенде, қасындағы бір-екі қызметкерімен бірге ішін жөндеп, пешті де өздері кезекпен жаққанын айтып отыратын. Әрине, мұның бәрі тарих, біз үшін үлгі-өнеге. 2015 жылға дейін қорық-музей қарамағында 110 тарихи нысан бар болатын. Осы нысандарға музейдің штатындағы 15 қызметкер жауапты болды. Қазір музейге республикалық маңызға ие 30 ескерткіш қарайды.

Тәкен аға басшылықта болған 20 жылдың ішінде Айша бибі кесенесі 2002-2005 жылдары қазіргі «Қазқайта­жа­­ңар­ту» мамандарының көмегімен толық­тай қалпына келді. Сондай-ақ Бабаджа Хатун, Қарахан, Дәуітбек, Шоқай Датқа кесенелері, Абдықадір, Нәметбай, Әулиеата, Үшаралдағы Қарақожа, Абдулла Ишан мешіттері, Қали Жүніс моншасы секілді ескерткіштерімізге бірнеше рет жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2010 жылы «Ақыртас» сарай кешенінің аумағына сапар орталығы салынып, 2018 жылы Ақшолақ стансасынан Ақыртас кешеніне дейін асфальт төселді. 2014 жылы Ақыртас, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақтөбе-Баласағұн қалашықтары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. 2012 жылдан бастап бұрынғы Көк базардың орнында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 2015 жылы «Көне Тараз» ашық аспан астындағы музейі ашылды. Жоғарыда аталып өткен ескерткіштер қорық-музейге қарасты болғандықтан атқарылған жұмыстардың басы-қасында Тәкен ағай жүрді. Бұл 20 жылда атқарылған шаруалардың бір парасы ғана.

Ұлт тарихын ұлықтаған Тәкен ағаның жарқын істері біз үшін үлгі-өнеге, біліктілік пен іскерліктің, үлкен адамгершілік пен парасаттылықтың, табандылық пен білімпаздықтың темірқазығы.

Жазира ШІЛДЕБАЕВА,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім басшысы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<