Ұлыбритания қазақтары ұлттық дәстүрді дәріптеді

791

0

Тұманды Альбионда тұратын қазақ диаспорасының мүшелері өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеді. Ұлттық тағамдар пісіріп, тұсаукесер рәсімін өткізді, арқан тартудан жарыс ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті қазақтар Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналып, биыл бесінші рет бас қосып отыр. Көпшілігі осында отбасы жағдайымен немесе жұмыс бабымен көшіп келгендер. Ұлттық тағамдардан дәм татып, туған жерге деген сағыныштарын басады.

Отандастарымыз Тұманды Альбионда түрлі салаларда нәпақасын айырып жүргендер. Бірінің жұмысы мұнаймен байланысты болса, енді бірі ұстаздық етеді. Араларында 20 жылға жуық уақыттан бері осында тұрып жатқандар да бар. Бірақ ешқашан туған жерімен байланысын үзген емес.

«Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз қазақтар бірге жиналсын деген ниет. Көп отандастарымыз осы жақта ұзақ уақыт тұрса да бір-бірін білмейді. Басқосудың арқасында танысып, жанұяларымен дос болып кетіп жатыр», дейді ұйымдастырушылардың бірі Алмаш Әлиева.

Диаспора мүшелерінің қатарында ағылшыннан қыз алып немесе ағылшынға күйеуге шыққан қандастарымыз да көп. Ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Қазаққа күйеу бала болғандар ошақтың жанында жүгіріп, қызмет етті. Оттың қызуын қадағалап, палау басуға көмектесті.

«Күйеу бала, құда, құда бала сияқты сөздер мен үшін таңсық емес. Мен Қазақстанға барғанда дәстүр бойынша тамақ істеуге көмектесемін. Өзіме ұнайды. Бүгін де дәстүрімнен жаңылған жоқпын», дейді Мартин Флауерс.

«Менің атым Дэвид. Қазақша Дәуіт. Мен Қазақстанға күйеу баламын. Менің жолдасым Орал қаласынан. Екі қыз тәрбиелеп жатырмыз», дейді қазақша еркін сөйлейтін ағылшын Дэвид Марш.

«Сәлеметсіз бе? Менің атым Камилла. Мен Англияданмын. Мен университетте оқып жатырмын. Шымкентте 7 жыл тұрдым. Үйде қазақша тамақтар істеймін: бауырсақ, палау, бесбармақ», дейді қазаққа келін болған ағылшын Камилла Ермекбаева.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<