Вакцина: Күдікті сенім еңсеріп келеді

1059

0

Адамзат баласының коронавирус инфекциясымен күрескеніне жылдан асқаны белгілі. Осы орайда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты індетке қарсы вакциналарды медициналық қолдануға жедел жіберу туралы шешімдер әлемнің көптеген реттеуші органдарында қабылданды. Өйткені вакциналау – ауруды ауыздықтаудың, онымен күресудің ең тиімді әдісі және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың сенімді жолы. Бұл ретте, вакциналарды қолдануға рұқсат етудің қысқа мерзіміне қарамастан, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеру мұқият және барлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Осылайша аталған вирусқа қарсы екпе егу жұмысы басталып кетті. Біздің елімізде, соның ішінде аймақта  бұл жұмыс биылғы ақпан айынан бастап қолға алынды.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметі бойынша бүгінде өңірде 19 емдеу сауықтыру мекемесінде екпе жұмыстары жүргізілуде, екпе кабинеттері демалыс және мереке күндері де жұмыс істейді. Сәуір айынан бастап коронавирус инфекциясына қарсы егілуге ниет білдірушілер «еgov» порталы арқылы тіркелуге мүмкіндік алды. Бүгінде екпе салдырғандар саны 74 мыңнан асады.

Екпе егу науқаны басталғанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдық. Жақында елімізде өндірілген «QazVac» және қытайлық «Hayat-Vax» вакцинасы жеткізілді. Қазіргі уақытта облыс көлемінде үш вакцина қолданылуда.

Осы орайда тұрғындар ара­сында аздап түсінбеушілік болғаны белгілі. Оның үстіне әлеу­меттік желілерде вак­цина­лар­ға қатысты түрлі қарама-қайшы пікірлер де орын алып, ха­лық ол ақпараттардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін ажы­рата алмай дал болды. Бұл өз кезегінде сенімсіздік тудырып, вак­цинаға күмәнмен қарауға жете­легені сөзсіз. Тіпті «екпе сал­дыру бедеулік пен белсіздікке алып келеді екен» деген қауесет тара­ды. Алайда мамандар негізсіз ақ­параттарға сенбеу керектігін айтады.

– Вакцина – бұған дейін қаншама жыл бұрын түрлі жұқпалы індеттердің таралуына жол бермеу мақсатында ойлап шығарылып, қолданысқа енгізілген, өзінің тиімділігін дәлелдеген бірден-бір әдіс. Екпенің арқасында шешек, тырысқақ, оба, қызылша секілді көптеген қауіпті кеселдің жолы кесілгені белгілі. Қазіргі жағдай да көпшілікке аян. Коронавирус індетінен әлемде қаншама адам құрбан болып жатыр. Сондықтан ғалымдар шұғыл іске кірісіп, вакциналарды шығаруда. Әрине, бұл асығыс, зерттелмей шығарыла салды дегенді білдірмейді. Белгілі бір кезеңдерден тұратын сынақ­тардан өткен соң ғана қолданысқа енгізіліп отырғанын жақсы білеміз, – дейді облыстық сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті жұқпалы инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жанар Жетілгенова.

– «Спутник V» немесе «Гам­Ковид­Вак» вакцинасын Ресей Фе­де­рациясының Н.Гамалей атын­дағы эпидемиология және микро­биология ғылыми-зерт­теу орталығы дайындаған. Ол век­торлы вакцина, адамның аде­новирус векторы негізінде әзір­­ленген.  Қарапайым тілмен айт­қанда, өте шағын бөліктер ар­қылы ағзада вирусқа қарсы анти­денелер қалыптастырады.

Вакцина -18 және  одан тө­мен тем­пературада, мұз түрінде сақталады. Екі компонентті, 2 компонент арасындағы интервал 45 күн.

Ал Qaz Covid-in (QazVac) – QAZVAC вакцинасы – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Био­логиялық қауіпсіздік пробле­маларының ғылыми-зерттеу инс­титуты әзірлеген COVID-19-ға қарсы вакцина.

Инактивацияланған вак­ци­­на технологияның көме­гі­мен вирус организмде қорғаныс анти­­денелерін түзу қабілетін сақ­тай отырып, белсенділігі жо­йыла­ды. +2-ден +8ºС-қа дейін­гі температурада сақта­ла­ды, мұз­датып қатыруға бол­майды. Жеңіл қабылданады. Екі ком­понентті, 2 компонент ара­сын­дағы интервал 21 күн, 1 дозалық ампулада.

Бұл вакцина жөнінде де көпшілік арасында «толық зерт­теліп бітпей жатып қолданысқа ұсынылуда» дегенді желеу етіп, оның тиімділігіне күмән кел­тіретін пікірлерді таратушылар бар. Мамандардың мәлімдеуінше,  отандық вакцина ғана емес, әлемде қолданысқа енгізіліп үлгерген вакцинаның бәрі де клиникалық сынақтың 3-кезеңінен әлі толық өтпеген. Бірақ әр мемлекеттің берген уақытша тіркеуі негізінде бір­нешеуіне өндіріске рұқсат берілген. Өйткені жоғарыда айтып өткенімдей, вакциналау ғана пандемияның алдын алады. Дү­ниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы орын алып отырған қауіп-қатерге қарай клиникалық кезеңнің 2-сатысынан сәтті өткен вакциналарды егуге ұсыным беріп отыр.

Инструкциясына сәйкес, екі вакцина да тиімді деп саналады, – деп атап өтті ол.

Қаладағы ірі медициналық мекеменің бірі №3 емхананың эпидемиолог дәрігері Гүлнұр Ілиясова тұрғындар тарапынан вакцинаға қатысты сұрақтардың көптеп қойылатынын айтады. Әсіресе, ресейлік вакцина мен қазақстандық өнімнің айыр­машылығы мен тиімділігі жөнінде жиі сұрайды екен.

–  Біздің емхана ақпан айынан бері екпе жұмыстарын жүр­гізуде. Сол күннен бастап күні бүгінге дейін 7745 доза вакцина салынды. Оның ішінде 7070-і Спутник V, 500-і Hayat-Vax, 175-і  Qazvac вакцинасы. Осы орайда тұрғындар тарапынан түрлі сұ­рақтар қойылады. Вакцинаның бір-бірінен айырмашылығы, ден­­­сау­лыққа әсері жайында жиі сұ­райды. Сондықтан қолда­ныс­тағы вакциналар туралы мате­риалдарды көбірек оқып, соңғы ақпараттарды жіберіп алмауға тырысамын, – деді ол.

– Жуырда «Егемен Қазақстан» басылымынан отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіп­сіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас ди­ректоры Күнсұлу Закарьяның сұх­батын оқыдым. Онда Qaz-Vac вакцинасының қалай жа­салғаны туралы егжей-тегжейлі баяндалыпты. Вакцинаның кли­ни­калық кезеңнің екінші са­тысынан сәтті өткені, үшінші сатысының 50 процентке аяқталып болғаны, осыдан кейін барып қолдануға ұсыным берілгені айтылған. Сондай-ақ, вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуде вакцинамен қатар кейбір еріктілерге плацебо, яғни, дәрілік қасиеті жоқ препарат та салынғаны белгілі болды. Оның себебін ғалым былайша түсіндіреді: «Біз зерттеулерді GCP (Good Clinical Practice – тиісті клиникалық практика) халықаралық стандарты бойынша жүргіземіз. Оның талаптарына, сондай-ақ ДДҰ ұсынымдарына сәйкес вакцинаға, яғни, адам денсаулығына қатысты медициналық зерттеулер жасырын жүргізілуі тиіс. Еріктілердің бір тобы жай ғана физрастворды, ал екіншісі сынақтан өткізіліп жатқан вакцинаны алады және сол еріктілердің ешбірі қайсысын алғанын білмеуі керек. Қазіргі таңда дайындалып жатқан барлық вакцина осы әдіспен зерттеледі. Бұл – бәріне ортақ талап.

Клиникалық сынақтың бірінші кезеңінде қауіпсіздікті бақыладық, сонда біз оған толығымен дені сау еріктілерді ғана таңдап алдық. Ал екінші кезеңде тек вакциналауға болмайтын топтарға ектік. Соңғы үшінші кезеңде ешқандай шектеу болмады, даладан кім келсе, соның бәрін ерікті ретінде қабылдадық. Оның ішінде АҚТҚ (ВИЧ)инфекциясын жұқтырған 3 адам болды. Оларға вакцина салдыруға болмайтынын айтсақ та, тіресіп тұрып алды. Тағы бір қызық жайт, 10 жылдай бала көтере алмай жүрген әйелдер вакцинадан кейін жүкті болды».

Ғалымның осы сұхбатынан-ақ вакцинаның қаншалықты қауіпсіз екенін білуге болады, сонымен бірге көпшілік жиі айтып жүрген «вакцина бедеулікке, белсіздікке әкеледі» деген негізсіз сөзге де нүкте қойылатын сияқты деп ойлаймын, – дейді Гүлнұр Ілиясова.

Елімізде коронавирусқа қарсы қолданыла бастаған үшінші вакцина ол – қытайлық Sinopharm технологиясымен өндірілген араб вакцинасы Hayat-Vax. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, Hayat-Vax (SARS-CoV-2, Vero Cell) бұл – белсенділігі жойылған коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина. Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Рас-Аль-Хайма қаласындағы Julphar фармацевтикалық өндірісінде шығарылған. Hayat Vax вакци­насын БАӘ денсаулық сақтау және алдын алу министрлігі 2020 жылдың 9 желтоқсанында тіркеді, содан кейін Қытайда 2020 жылы 30 желтоқсанда тіркелді. Ресми мәліметке сүйенсек, әлемнің 34 мемлекетіне бұл вакцинаның 50 миллионнан астам дозасы қолдануға жіберілген.

Hayat Vax вакцинасын жасау үшін байырғы, бірақ дәлелденген белсенділігі жойылған вакцина жасау технологиясы қолданылады. Осы технологияның көмегімен вирус организмде қорғаныс анти­денелерін түзу қабілетін сақтай отырып, жойылады. Дү­ниежүзілік Денсаулық сақтау ұйы­­мы­ның мәліметінше, инак­ти­вацияланған вакцина­лар­да­­ғы адъюванттардың зиян­сыз екендігі дәлелденген. Адъю­­вант­тар инактивті вакци­на­ның құрамындағы қосалқы зат­тар ретінде иммундық жүйені ынталандырады және орга­низм­дегі иммунитеттің ұзақ сақталуына ықпал етеді. Hayat Vax вакцинасында консерванттар жоқ. Вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Аргентина, Бахрейн, Мысыр, Марокко, Пәкістан, Перу және Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өткізілген, оған 68000-нан астам адам қатысқан. Жағымсыз әсерлер, ауыр аллергиялық реакциялар болмаған.

Қазіргі күні бұл вакцинаның бүкіл әлемде 10 миллионнан ас­там дозасы қолданылған және еш­қан­дай жағымсыз жағдайлар тіркелмеген.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<