Ветеринар мамандарға – 15 қызметтік көлік

594

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Тұңғыш Президент паркінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі ветеринариялық ұйымдарға жаңа  қызметтік автокөлік кілттерін табыстады.

Алдымен аймақ басшысы айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ, өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбегі зор екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты өз Жолдауында ветеринария саласын жетілдіру міндетін жүктеді. Қай кезеңде де ветеринария қызметі заман талабына сай болуы – басты талаптың бірі. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға зор мүмкіндік береді. Ауылдағы ағайынның әл-ауқатына және облыстың агроөнеркәсіп саласының дамуына тікелей әсер етеді, – деді облыс әкімі.

Облыста ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Кейінгі жылдары өңірде жануарлар арасында аса қауіпті аурулар көрініс берген жоқ. Эпизоотиялық ахуал тұрақты.

Бұл бағытта облыс басшылығы тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» жасалды. Ал ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету мақсатында биыл облыстық бюджеттен қаралған 111 млн теңгеге 15 қызметтік көлік ауыстырылды. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады деп күтілуде.

Ветеринария саласының ардагері Байғабыл Пірманов жиын барысында мұндай қамқорлық аграрлық өндірістің дамуына оң әсер ететінін тілге тиек етті.

– Зейнет демалысына шықсам да жұмыстан қол үзген жоқпын. Техниканы жаңалау қашанда кезек күттірмейді. Облыс басшылығы тарапынан жасалған қолдау сала жұмысын ширата түседі деген ойдамын, – деді ол. 

Облыстың ветеринария саласына бөлінген 15 қызметтік көлік қала мен аудандарға жөнелтілді. Атап айтқанда, Аралға 4, Қазалы, Сырдария, Шиелі аудандарына 1, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандары  мен Қызылорда  қаласына 2 көліктен қаралған. Алдағы жылы да ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту  жалғасады. Жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыру арқылы 30 автокөлік, 140 компьютер, 140 дана термочемодан мамандарға жеткізіледі.

– Ветеринария – күрделі сала. Көңіл бөлініп, мамандарға жағдай жасалып, еңбекке қабілетті арттырғаны қашанда  қуантады. Ал осы шараның мәртебелі мерекемен тұспа-тұс келуі ерекше әсерлі болды, – дейді Шиелі аудандық ветеринария станциясының басшысы Бекжан Бекқожаев.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<