VІ құрылтайға делегаттар сайланды

288

0

Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Достық үйінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Шараның мақсаты өңірде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында қоғамның атқарған жұмыстары туралы есеп бере отырып, алдағы міндеттерді нақтылау және облыстық филиалдың басқарма мен алқа мүшелерін және төрағасын, тексеру комиссиясының құрамын,  қоғамның кезекті VI құрылтайына делегаттар сайлау.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық ұйымының жұмысын жандандыру мақсатында қоғамның кезекті ҮІ Құрылтайы 2021 жылғы 26 қарашада Түркістан қаласында өтеді. Осыған сәйкес ұйымның қалалық, аудандық филиалдарында, бастауыш ұйымдарда жиындар болды.   

Конференцияда облыстық филиалдың төрағасы Сәдуақас Аңсат есепті баяндама жасады. 7 аудан мен 2 қалалық филиалдағы 796 бастауыш ұйым 38973 адамды мүше етіп біріктіріп отыр. 2012 жылдан бері қоғамдық ұйымның жұмысы жолға қойылған, жылына 2 реттен мәжілісін өткізетін басқарма мен алқа атқарылған істерді сараптап, жұмыс жоспарын белгілейді, төрағалардың есебін тыңдайды. Осы уақытта 3 республикалық конференция өтті, әр ауданда 2 жылда 1 рет облыстық семинар-кеңес өтуде.

Қызылорда қаласында және аудан орталықтарында «Тіл сақшысы» рейді үздіксіз жүріп отырды, түрлі меншіктегі мекеме, қызмет көрсету орындарындағы маңдайшадағы жазудан бастап сыртқы жарнамадағы заңбұзушылық пен қателіктерді анықтап, ескерту жасалуда.

Облыстық филиалдың басылымы республикалық «Тіл сақшысы» газеті 2013 жылдан бастап шығуда, өз оқырманын тапқан газеттің таралымы 12000 данадан асты. Ондағы таңдаулы мақалалар «Тіл сақшысы» – Намыс қамшысы» жинағына топтасып, жылына екі кітап шығарылады. Сондай-ақ «М.Әуезов шығармалары – қазақтың қоғамдық өмірінің энциклопедиясы» конференциясы, «Қызылорда облыстық, «Қазақ тілі» қоғамының 2011-2013 жылдары өткізген іс-шарасы», «Мемлекеттік тілдің қазіргі жайы және оның қолданыс аясын арттырудағы міндеттері», «Журналист әдебі» брошюралары шығарылды.

Бұдан соң қоғамның тексеру комиссиясының төрайымы Қ.Әбділәзизованың есебі тыңдалып, облыстық филиалдың жаңа басқармасының, алқасының, тексеру комиссиясының құрамы мен ҮІ құрылтайға делегаттар сайланды. Сонымен қатар, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы болып С.Аңсат қайта сайланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз