Жайбарақаттылық жарға жықпасын

147

0

Өткен сенбіде Қазалы ауданы әкімдігінің жанынан құрылған мониторингтік топ Әйтеке би кентіндегі сауда және қызмет көрсету орындарының санитарлық жағдайын тексерді. Пандемия кезінде кәсіпкерлер бас санитар дәрігердің талаптарын орындап жатыр ма, осыған ерекше мән берілді.

Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев бастаған арнаулы топ сақтық шараларының орындалу жайын қарап қана қоймай, түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Олар орталық базар мен бірнеше дүкендерді аралады. Сондай-ақ, қоғамдық көліктердегі жолаушыларға да санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Рейд барысында бас санитар дәрігердің қаулысын елемеген тұрғындарға мониторингтік топ тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәртіп бұзушылықтар орын алса құзырлы органдар тарапынан заңға сәйкес шаралар көрілетіні айтылды.

Айта кетейік, мониторингтік топ жыл басынан бастап халық көп шоғырланатын базар, қызмет көрсету орындары, тағы басқа жерлерді аралап, жұртшылықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соған қарамастан көпшілік жиын өткізушілердің қатары азаймай отыр. Нәтижесінде жыл басынан бері карантин талаптарын сақтамаған 21 тұлғаға айыппұл салынған.

Қазалы ауданының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз