Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімі

951

0

Жалақының уақытылы төленбеуі жөнінде мәселелер туындағанда әрбір азамат оның тәртібі мен мерзімінің заңдылығын білуі тиіс.

Еңбек кодексінің 113-бабын түсіндіріп өтсек, жалақы ҚР Ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында көзделеді. Демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем оның қарсаңында жүргізіледі.

Осы норма жалақыны төлеу тәртібі мен мерзімін айқындайды. Тәртіп пен мерзім – еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктердің бірі (ҚР ЕК 102-б.) және елімізде ратификацияланған, ХЕҰ-ның «Жалақыны қорғау туралы» №95 Конвенциясының (12, 13-баптары) (Женева қ., 1949 жылғы 1 шілде) ережелеріне сәйкес келеді.

Кейбір ұйымдарда жалақы беретін күн ұжымдық шартта айқындалады, ал кейбір ұйымдарда (көбінесе ол, ұжымдық шарты жоқ және штаттағы жұмыскерлермен еңбек шарты жасалмайтын мемлекеттік органдарда) төлемақы нормаларын ұстанады. Өзінің нормативтік құжаттарында жалақыны төлеудің нақты мерзімдерін көрсете отырып, келесі айдың бірінші 10 күнінен кешіктірмей төлейді.

Көптеген ұйымда ұжымдық шарттарға немесе жұмыс берушінің актісіне сәйкес, жалақы төлеудің аванстық жүйесі пайдаланылады. Бұл ретте айдың жартысында тарифтік мөлшерлеменің (лауазымдық айлық ақының) бір бөлігін қамтитын аванс және тұрақты сипаттағы (еңбектің зиянды жағдайлары және т.с.с.) өтемақы төлемдері төленеді, ал келесі айдың басында ынталандыру төлемдерін қамтитын қорытынды есеп айырысу жүргізіледі.

Жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші жұмыскерге тиесілі жалақының құрамдас бөлігі, ұсталған мөлшері мен негізі туралы, оның ішінде ұсталған және аударылған міндетті зейнетақы жарнасы туралы, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электронды түрде ай сайын хабарлауға міндетті.

Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Төлемді кідірткен кезең үшін жұмыскерге берешек пен өсімпұл төлейді.

Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Ұлттық Банктің қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі. Төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен бастап мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады және төлем жасалған күнмен аяқталады. Осы норма жұмыс беруші жалақыны толық немесе мерзімінде төлемегенде, оның жауаптылығын айқындайды.

Жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде төлемеуі, сол сияқты жұмыс берушінің кінәсінен төлемді кешіктірген кезеңі үшін өсімпұлды есептемеуі және төлемеуі лауазымды адамдарға отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Ә.Тимурлан,

облыстық бақылау басқармасының  бас маманы, мемлекеттік еңбек инспекторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<