Жамбыл жәдігерлері

1471

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыстық тарихиөлкетану музейінің Көркемсурет галереясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Алматы облысындағы ақынның әдебимемориалды музейі қорынан «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты жылжымалы көрме ашылды. Көрмеден ақынның ұстаптұтқан жеке заттары, шапаны, домбырасы, кітаптары мен портреттері орын алды.

Ғасырдан сыр шерткен ғаламат құндылықтарды насихаттау арқылы халықтың рухани дүниетанымын қалыптастыруды мақсат тұтқан бұл көрме Сыр елі жұртшылығының ыстық ықыласына кенеліп, ХХ ғасырдың Гомері атанған ақынның туған жерімен тарихи байланыстың арқауы болып отыр. Көрмеге келушілер ақынның ұстап-тұтынған бұйымдарын көріп, әр жылдарда баспадан шыққан шығармаларымен танысты. Өз заманының тақырыбын жырлауда төкпе жырымен қатар, айтыстардағы әзіл-қалжыңмен әспеттей жеткізген тапқыр ой, шымыр шумақтарымен ел есінде қалған Жамбыл ақынның болмысы таныған сайын таңғалдыра түседі.

Сыр еліне сапарлап келген Ж.Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі, ақынның немересі Салтанат Жамбылованың алған әсері жайлы пікірлескен едік.

– «Жамбыл атамыздан 10 бала болған, одан тараған ұрпақ бүгінде 100-ден асып, жекжат, жұрағатқа ұласты. Атаның ең кіші немересі мен боламын, менің де жасым қазір алпыстан асты. Әр жылдарда өткен атамыздың мерейтойлық шараларында ұрпақтары түгел жиналып, есімі ел аузында аңыз болған тұлғасын тереңірек танып-білуге тырысамыз.

Жамбыл атамыздың шығармалары бүгінге дейін 44 тілге аударылып, дүние жүзіне тараған, 3000-ға жуық өлеңі қағаз бетіне түскен. Биылғы 175 жылдық мерейтойына орай, Бішкек қаласында өткен қырғыз тіліндегі жинағының тұсаукесеріне қатыстық. Сондай-ақ, Халықаралық «Түрксой» ұйымының бастамасымен Анкарадан басылып шыққан аударма жинағы да келіп жетті. Кітапқа Жамбылтанушылардың мақалалары мен ақын шығармалары енген. Бар өмірін адами құндылықтарды айшықтап, жақсылықты жария етуге, ақиқатты дәріптеуге арнаған ақын ұлтымыздың рухани-мәдени дамуына зор үлес қосты, – дейді ақынның немересі. Сондай-ақ, шараға Қызылорда қаласында тұратын ақынның шөбересі Бағила Жамбылова қатысты.

Ақынның туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі болса, мәңгілік қоныс тапқан жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Ақын дүние салғаннан кейін яғни, 1945 жылы оның тұрған үйі мемлекет қарауына алынып, музейге айналған болатын. Ал 1978 жылы жаңа музей ғимараты бой көтеріп, бұрынғы нысан музейдің қор сақтау бөлімі болып қалды.

Жастайынан өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбыл бозбала шағының өзінде-ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, батасын алады.

Ал ақындық қыры ашыла түскен кезінде Досмағанбет, Шашубай,  Құлманбет сынды айтулы сөз жүйріктерімен айтысқа түсіп, дарынымен дараланып отырған. Қырғыздың ақын-жырауларымен, манасшыларымен сөз қағыстырып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. Өзіміз білетін деректерде Жамбыл ақын жыр додаларының қай-қайсысында да қарсыласына есе жібермеген. Оған қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлайтын.

Жыр алыбы көзі тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүние жүзіне танытқан. Сондықтан қазақ өнерінің барлық түрінде талант иесінің өшпестей қолтаңбасы қалды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<