Жанармай бекеттеріндегі баға

559

0

Елімізде жанармай құю бекеттерінде бензин мен дизель бағасы қымбаттады. Tengrinews.kz агенттігінің мәліметіне қарағанда Алматыдағы жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 205 теңге болса, АИ-95/96 маркалы бензиннің бағасы әртүрлі. Айталық Sinooil-да АИ-96-ның литрі 222, дизель бағасы 295 теңгені құрапты.

Астанадағы Nomad жанар-жағармай құю бекеттері желісіндегі баға да осы шамада. Мұнда да АИ-92 205, АИ-95 224 теңгеден, АИ-98 245 теңгеден, дизельдің литрі 295 теңгеден сатылуда.

Ал біздің өңірдегі ахуалды облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Ринат Сұлтангереевтен білген едік.

–    Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы «Мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингін жүзеге асыру қағидалары туралы» № 236 бұйрығына сәйкес, облыс аумағында бөлшек саудадағы мұнай өнімдерінің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Қазір облыста 122 жанар-жағармай бекеті жұмыс жасайды.   АИ-92 маркалы бензинінің 5 119,4 тонна, дизель отынының 3 361,4 тонна  қоры бар. ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы  19 мамырдағы №361 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, 2023 жылғы 12 сәуірден бастап АИ-92 маркалы бензиннің бағасы  205, дизель отынының бағасы 295 теңгені құрады.  Сонымен қатар, жедел штаб құрылды.  Оның құрамына қала және аудан әкімдері, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары кіреді. Тапшылықты қолдан жасаудың алдын алу  үшін тұрақты түрде талдау жүргізіледі. Жанар-жағармай мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында, – деді.

Фототілші Нұрболат Нұржаубайдың нысанасына ілінген кадрларда қаладағы ірі жанармай құю бекеттеріндегі бағаларды көруге болады. Мәселен, Sinooil бекетінде АИ-95 маркасы 207, АИ-92 маркалы бензин 202, ал дизель 295 теңгеден сатылып жатыр. Compass жанармай бекетінде АИ-95 маркасы 212, ал АИ-92 түрі 202 теңгеге өскені байқалады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<