Жаңа баптар жарқын өзгерістерге негіз қалайды

544

0

Біз 1991 жылы желтоқсанда дербестігімізді алғанымызбен, Конституциямыз болған жоқ. Бірінші Конституцияны 1993 жылы қаңтарда қабылдадық. Оған дейін тәуелсіз мемлекет болдық, президенттік институт енгізілді. Бірақ Кеңес одағының конституциясымен келдік.

Бірінші ата заңда негізінен парламенттің құзыреті мол еді. Бүкіл билік, ішкі және сыртқы саясат тек Парламент арқылы жасалатын. Президенттік институт бар, бірақ рөлі жоқ еді. Ол кездегі Жоғарғы кеңестің таратылу себебі жаңа қоғамдық, экономикалық, саяси қатынастар құруды уақыт талап етіп жатты. Жоғарғы кеңесте партияның бірінші хатшылары болған азаматтар отырды. Жаңа жүйені, нарықтық қатынасты терең түсінді деп айта алмаймын. Ал оны алға апару үшін заң керек еді. Сондықтан да бұл конституция экономикалық реформа жасауды ұзартып жіберді. Кейбір заңдар 7-8 ай, тіпті бір жылға дейін қабылданбай, әрі тарт та бері тарт болып жатып қалды. Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін сол кездегі Президент көптеген заңдық күші бар Жарлықтарды шығарды.

Екінші Конституция  1995 жылдың 30 тамызында қабылданды. Алты ай бұрын ақпарат құралдарында жарияланып, жер-жерде талқылаулар өткізілді. Бұл құжат керісінше, Президенттің рөлін күшейтетіні, басқа билік тармақтарының рөлін төмендететіні сол кезде байқалды. Биліктің үш тармағы болғанымен, негізгі билікті, яғни соңғы сөзді Президентке бердік.  Тіпті аудан, ауыл деңгейінде шешілетін мәселелер Президентке дейін баратын болды.

Мұндайда «Неге бұлай болды? Бұл заңның қолданыстағы Конституциядан қандай айырмашылығы бар?»  деген сұрақ туады. Әрине, 27 жыл бойы бұл Ата заң біріншіден, экономикалық реформаларға жол ашты, алға бастыруға оң әсерін тигізді. Нарықтық жүйені тезірек қоғамға енгізді. Екіншіден, көрші мемлекеттермен шекарамызды шегендеуге негіз қалады. Ұтқан да, ұтылған да тұсымыз бар. Ең бастысы, келер ұрпаққа шекара мәселесін басы ашық күйінде тастамай, шешіп берді. Үшіншіден, көп көзқарасты, көпсалалы, көп идеялогиялық жолға түстік. Пікір алуандығы, партиялардың құрылуы, діни сенім бостандығы осы Конституцияда шешім тапты. Бірақ  діндерге есік-тереземізді ашық тастадық.

Ата заңға жерді меншікке беруге болады деген сөз жазылды.  Осы енгізілген бап арада бірнеше жыл өткенде халықтың көтерілуіне әкеп соқты. Жерасты байлығын, қорын Парламентті қатыстырмай-ақ Президенттің өзі шетелдерге беруге мүмкіндік алды. Өйткені мұны Конституцияға жазып қойдық. Президент халықтың атынан сөйледі. Көптеген өркениетті елдерде жерге байланысты, оның қойнауындағы байлыққа байланысты мәселелер, ұлттық мәселелер тек Парламент арқылы шешіледі. Ал бізде Парламент  рөлі ескерілген жоқ. Осындай кемшіліктерді атап айтуымыз керек деп ойлаймын.

Бұл конституция екі рет өзгерістерге ұшырады. 2007 және 2008 жылдары конституциялық маңызы бар бірнеше баптары өзгерді. Сайлау, партияларға байланысты екінші реформа 2019 жылы жасалды.

Кешегі жалпыхалықтық референдумда қабылданған өзгерістер Конституцияның бағытын, негізгі тұжырымдамасын өзгертті. Соның ішінде үш-төртеуіне тоқталар болсақ, халық арасында үлкен резонанс, көзқарастар қайшылығын тудырған жер мәселесін алайық. Бұрын жер жекеменшікке беріледі және жер мемлекеттік меншік  деп танылды. Ал қолданыстағы Ата заңымызда «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп жазылды. Ескі заңда «мемлекетке тиесілі» делінген еді. Енді халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.  Сондықтан жер мен оның байлығын Президент біреуге бере алмайды. Оны халық референдум арқылы шешеді.

Елімізде Конституциялық соттың орнына Конституциялық кеңес  құрылған болатын. Азаматтар белгілі мәселе бойынша аудандық, облыстық, Жоғарғы сотқа ғана жүгіне алатын. Бұл – Конституциялық құқықтың бұзылуы. Енді референдумда енгізілген өзгерістердің арқасында елімізде Конституциялық сот бар. Ол Жоғарғы сотқа тәуелсіз. Азамат өз құқықтарын осы Конституциялық сотқа шағым айту арқылы қорғай алады.

Тағы бір атап өтетінім, өзгерістерге орай Президент туыстарының мемлекеттік, саяси қызметтерге тағайындалуға құқы жоқ. Бұрын қалай болғаны өздеріңізге мәлім.

Сайлауға қатысты өзгерістер айрықша тоқталуды қажет етеді. Кез келген азамат аудандық, қалалық, облыстық мәслихатқа, Парламентке сайлауға түсе алады. Бұрын тек партиямен шектелетін. Партия атынан түсу үшін әрине, оның мүшесі болу керек. Енді еш партияға мүше болмай-ақ бір мандатты округтен түсуге толық құқық берілді. Бұл азаматтардың құқықтарын кеңейтуге септігін тигізеді.

Партияны тіркеу шегін төмендетуге, квотаға байланысты Ата заңда айқын көрсетілді. Жаңа қолданыстағы Конституциямызға демократиялық бағыттағы, сипаттағы, азаматтарымыздың құқы кең түрде қорғалатын, пікіралуандығын тереңдететін баптар енгізілді.

Парламентте алдағы айларда бірінші кезекте бірнеше заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Сол кезде Конституция толыққанды жұмыс жасайды.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты     

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<