Жаңа деңгейдегі жол құрылысы

378

0

Облыс орталығының ажарына ажар қосар көшелер қайта жаңғыртылуда. Жолдың жақсарғаны ел әлеуетінің артқанын аңғартса керек.

Иә, соңғы бірер айдан бері Қызылордада көшелер кеңейтіліп, бірқатар даңғылдарға жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Солардың бірі – Астана даңғылы. Қазіргі таңда мұнда қайнаған қызу тірлішік. Жол құрылысын жүргізіп жатқан маманның айтуынша, басты ерекшелігі – ең алдымен тор сетка төселіп, үстіне жол жабындысы салынады. Бұл жол жарамдылығын жақсартып, сапа мерзімін ұзартады екен.

Бүгінгі таңда Жібек жол даңғылынан бастап теміржолға дейінгі аралықта 20-ға жуық техника мен 50 шақты жұмысшы тынбай еңбек етуде.

Өздеріңіз білесіздер, Астана даңғылы – тоғыз жолдың торабындай, қаланың орталық көшелерінің біріне саналады.  Мұндағы жол құрылысына жауапты мердігер мекеме – «Қыран» ЖШС. Учаске бастығы құрылыстың сапалы әрі уақытылы орындалатынын жеткізді.

– Алысты жақын ететін жолдың орны қашанда бөлек. Қазір бірқатар күре жолдардың бойында жол төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тұрғындар көріп жүр. Нақты кезеңде Астана даңғылы бойында жұмыстың тең жартысы аяқталды. Жолдың ұзындығы 3 шақырымды, ал ені 35 метрді құрайды. Төсеніш тор сетка – Ресей елінің өнімі. Қалған қажетті шикізат өзіміздің отандық өнімдер. Бұл саладағы тәжірбиеміз мол. Нарықта 30 жылдан бері еңбек етіп келеміз, – дейді учаске бастығы Шәкірбек Өтегенов.

Қуаныштысы, биыл асфальт төсеу жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Айта кетейік, облыс орталығындағы кейбір көшелер орташа жөндеуден өтті. 

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<