Жаңақорған: Санаулы жылдар сыбағасы

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

80 отбасына жаңа баспана

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазыбек Иса, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Жаңақорған кентінде әлеуметтік жағынан осал топтарға арнап салынған 80 пәтерлік 40 тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындарды қоныстойымен құттықтап, осы жыл да өңір үшін жаңа бастамалар мен жарқын жоспарлар жүзеге асатын, береке мен бірлікті бекемдейтін кезең болатынын атап өтті.

– Президент пен Үкімет қолдауы арқылы барлық салада серпінді жо­балар қолға алынды. Аймақта қалып­тасқан қолайлы инвестициялық климат ірі инвестициялық жобаларға жол ашты.

Жаңақорған ауданында 2023-2024 жылдары 174 пәтерлік 87 тұрғын үй жерлестерімізге берілді, 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» шәкірттерін қабыл­дады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде бой көтерген 10 мектептің екеуі Жаңақорған ауданына тиесілі.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жаманбай батыр, Қыркеңсе ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулатория, Төменарық ауылында амбулаториясы бар 15 орындық аурухана, аудандық көпбейінді аурухана жанынан қосым­ша ғимарат салынды.

Қараша айында автоматты газ тарату станциясын салтанатты түрде іске қосқан болатынбыз. Қазір станцияның қуаттылығы 2 есеге дейін ұлғайтылды. Өткен жылы 40 көше, оның ішінде аудан орталығының негізгі Хорасан ата көшесі күрделі жөндеуден өтті. Жақында ғана Екпінді ауылында 100 орындық клуб ашылды.

Бүгін, міне аудан орталығынан 1 млрд 500 млн теңгеге салынған 80 пәтерлік 40 тұрғын үйді иелеріне табыстаймыз. Мемлекет қолдауымен жақсылыққа кенелген баршаңызға қоныс құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Рәсімде Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен тұрғын үйді сапалы етіп салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов құттықтау сөз сөйледі.

Айта кетейік, 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған 5 мыңнан астам азамат жаңа пәтерге қоныстан­ды. Кейінгі үш жылда, яғни 2023 жылы – 430, 2024 жылы – 1015, 2025 жылы – 332, жалпы саны 1777 пәтер алғаш рет барлық аудандағы жер­лестерге табыс етілген.

Келінтөбеде спорт кешені

Жаңақорған ауданының Келінтөбе ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылу рәсімінде аймақ басшысы бұқаралық спортты дамытудың маңыз­дылығына тоқталып, тұрғын­дарды құттықтады.

 – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ауылдағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпыұлттық дамуды елестету мүмкін емес» деген болатын.

Мемлекет басшысының аймақтар әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, оларды елдегі саяси-экономикалық процестерге бел­сене қатыстыру жөніндегі баста­малары стратегиялық маңызға ие.

Өңірде тұрғындардың бұқаралық, кәсіби спортпен шұғылдануына бар­лық жағдай жасалуда. 2022 жылдан бері 23 спорт нысаны салынды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 4 спорт кешені табыс­талады.

Бүгін осы бағдарлама аясында 393 млн теңгеге бой көтерген дене­шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне айналуда. Ғимаратты сапалы салып, мерзімінде аяқтаған құрылыс­шыларға алғыс білдіреміз.

Жаңа нысан дені сау ұлт қалып­тастыруға қызмет етіп, осы жерден еліміздің көк туын әлемдік ареналарда желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен мердігер мекеме құры­лысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Пар­ламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Қазыбек Иса құттықтау сөз сөйледі.