Жаңақорғанда кәсіпкерлік саласы жандануда

328

0

Жаңақорған ауданында ерекше кәсіппен айналысушылар қатары уақыт өткен сайын артып барады. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қайтарымсыз грант алып, өз ісін дөңгелетіп отырған азаматтар баршылық.

Жалпы ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға ұлғайып отыр. Тиісінше бұл саладағы белсенділік көрсеткіші 96,8 пайызды құрады. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тлеумбетов хабарлады.

– Өздеріңіз білетіндей, Жаңақорған ауданы кез келген кәсіппен айналысуға ыңғайлы аймақтың бірі. Осы себепті жыл сайын ауданымыздың кәсіпкерлер қатары көбейіп, шығарған өнімдері басқа өңірлерге де жөнелтілуде. Аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 230 жобаға 1 млрд.599 млн теңгенің қаржылай қолдауы көресетілген. Мәселен, 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 100,6 млн теңгені құрайтын 73 жоба грант жеңіп алса, 131 жобаға 1 млрд.200 млн теңгенің несиесі берілді. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алуға 3 млрд.400 млн теңгені құрайтын 505 жоба іріктелді. Ал бөлшек сауда көлемі 3 млрд.405 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 111,9 пайызды құрады, – деді аудан әкімі Мұрат Тлеумбетов.

Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<