Жас отбасылар сайысы

1701

0

Облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас отбасылар арасында «Жас отау» облыстық байқауы өтті. Сайыста Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан іріктелген үздік отбасылар өзара бақ сынасты.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров жастар ұйымдары мен жас отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шараларға тоқталып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Халқымыз ежелден «Отан отбасынан басталады» деп шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, жасыл құрақтай жайқалған ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластық орнауына айрықша мән беріп, отбасы құндылықтарын сақтап келеді. Жаһандық сын-тегеуріндер уақытында отбасы институтын дамыту мен нығайту ел болшағының жарқын кепілі болмақ. Дәл осы кезеңде мемлекеттік бағдарламалар тетігі арқылы қастерлі құндылықтарымызға барынша көңіл бөлгеніміз дұрыс. Бүгінгі іс-шара да – соның бір парасы. Өздеріңізге белгілі, бұл конкурстың іріктеу кезеңіне 80-нен аса жас отбасы қатысты. Осының өзі жұмыстың нәтиже беріп жатқанын аңғартады, – деді ол.

Үш кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар тек ән-жыр айтумен шектелген жоқ. Олар салт-дәстүрмен сабақтасқан түрлі сұрақтарға жауап беріп, отбасы құндылықтарын дәріптейтін көріністерді көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ, әкелер бата беріп, балалар жеті атасын жатқа айтып, жарыс көрігін қыздырды.

Тартысты өткен сайыста қызылордалық Қуанышовтар, жаңақорғандық Жанболатовтар, қармақшылық Әмзеевтер отбасы I орынды иеленді. Ал II орын шиелілік Нышанбековтер, жалағаштық Ахметовтер және аралдық Жақсылықовтар отбасына бұйырды. Қазалылық Қалиевтер мен сырдариялық Тілеубергеновтер отбасы III орынды қанағат тұтты. Барлық қатысушылар арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Топтан дара шығып, көрерменнің алғысына бөленген отбасылар бұл бастаманың балалар үшін берері мол екенін айтуда. Ал ұйымдастырушылар тағылымды сайыстың алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді. Орайы келгенде айта кетейік, жас отбасыларды жан-жақты шығармашылық қолдау мақсатында аталған байқау облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен кейінгі бірнеше жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<