Жас қаламгерлерді қанаттандырған байқау

865

0

Еліміздің ең мәртебелі мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Қалқабай Әбенов атындағы «Тәуелсіздік толғауы» шығармашылық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздары марапатталды. Шараға «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы төрағасы Аманжол Оңғарбаев, Қалқабай Әбеновпен бірге жұмыс істеген ардагерлер Жолдасбек Ақсақалов, Болат Омарәлиев, Дүйсенкүл Оразбаева, ұрпақтары мен туыстары қатысты.

Өткен жылдан бастап жас қаламгерлер арасында өткізіліп келе жатқан байқауды «Сыр журналистикасы» Қалқабай Әбенов атындағы қоғамдық қор демеушілігімен «Сыр медиа» ЖШС ұйымдастырған. Байқау ережесі бойынша бұған дейін баспа беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланған шығармалар ұсынылды. Шарада серіктестік директоры Аманжол Оңғарбаев дәстүрлі байқауды биыл да жалғастырып, жас журналистердің қаламын ұштауға, жігерін жануға үлес қосып келе жатқан азаматтарға алғыс білдірді.

– Сыр журналистикасы – дәстүрі, жалғастығы бар үлкен мектеп. Қалқабай Әбенов – «Сыр бойы» газетін ең ұзақ басқарған редактор ретінде тарихта қалған тұлға. Қатарластары мен өзінен кейінгі буынға жасаған қамқорлығы әлі күнге дейін аңыз болып айтылып келеді. Ол кісінің өзін көрген, жолын ұстанған аға буын өкілдері ортамызда отыр. Сыр журналистикасы тарихында өзіндік орны бар тұлға есімінің ұлықталуы ақпарат майданының ортасында жүрген бізге де жігер сыйлайды. Осы ретте айта кетерлігі, біз, «Сыр медиа» журналистері, өз ойымыздағы үлкен міндет деп есептейтін «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық кітапты дүниеге әкелдік. Тұсаукесері 11 желтоқсан күні өтеді. Келер жылы Қалқабай ағамыздың 100 жылдығы екен. Оны да өз деңгейінде өткізу ұрпақтарының, қаламгерлер қауымның ғана міндеті емес, елдік парыз деп ұғынуымыз керек, – деді ол.

Мұнан соң ардагер журналист Жолдасбек Ақсақалов Қалқабай Әбенов жайлы естелік айтып, аға буын атынан байқау ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. Сондай-ақ, Қ.Әбеновтің інісі Қожахмет Мырзаев сөз сөйледі.

– Қордың мақсаты – Сыр журналистикасына еңбек сіңірген қаламгер ағамыздың өмірлік ісі болған – журналистикаға үлес қосу. Алдағы жылы 100 жылдыққа облыстық деңгейде ауқымды шара өткізсек деген жоспарымыз бар, – деді ол.

Айта кету керек, белгілі қаламгер Қалқабай Әбенов 1968-1985 жылдар аралығында облыстық «Сыр бойы» газетінің редакторы қызметін атқарған. Ол газетке басшылық еткен жылдары «Ленин жолы» («Сыр бойы») 1972 жылы он мыңыншы нөмірі шығуына орай Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен, 1977 жылы КСРО Журналистер одағының құрметті дипломы және ақшалай сыйлығымен марапатталған. Ал, 1979 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен мемлекеттік жоғарғы награда – «Құрмет белгісі» орденін иеленген. Одақтық Социалистік жарысты насихаттау мен оның жетістіктерін баспасөз бетінде көрсетуде үздік деп танылып, бірсыпыра нұсқасы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде қойылған. Бұл жұмыстардың барлығында редактор Қалқабай Әбеновтің ерен еңбегі бар.

Жас қаламгерлердің шығармашылық қабілетін шыңдауды мақсат еткен байқаудың жеңімпаздарына марапаттарын «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы және Қожахмет Мырзаев табыстады.

Байқауда газет материалдары бойынша ІІ орынды «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Ерсін Шамшадин, І орынды «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Мөлдір Қалымбет иеленді. Телевизиялық материалдар бойынша І орынды «Хабар» телеарнасының редакторы Рауан Мыңбай, ІІ орынды «Қызылорда» телеарнасының редакторы Жансая Тілеу еншіледі. Ал, блогерлер арасынан І орынға Карим Валиев, ІІ орынға Тоғжан Қарабала лайық деп танылды.

Жеңімпаздарға Қалқабай Әбеновтің ұрпақтары атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<