Бүгін Қазалы ауданының жастары үшін ерекше есте қалатын күн. Себебі аудан орталығы – Әйтеке би кентінде жастар үйі ашылды. Шығыстың жарық жұлдызы атанған Ғани Мұратбаевтың ізбасарлары қасиетті Қазалы ауданының өсіп-өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа нысан тың жобаларды әзірлеуге, жастардың басын біріктіруге, еріктілердің қызметін дамытуға таптырмас мүмкіндік болары анық.
Жастар үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, жастарға жылы лебізін жеткізді.
– Ауданымыздың мерейін асқақтатып, өздерінің білімі, шығармашылық жұмыстары және спорттағы жетістіктерімен облыс, республика, қала берді Халықаралық деңгейде танылып жүрген жастарымыз жетерлік. Біздің тарапымыздан талантты жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Жастар – ел ертеңі» екенін ескерсек, Тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстар жастарымызға жасалған қамқорлық бұдан ары да жалғаса беретін болады.
Оның айқын дәлелі ретінде өткен жылы Қазалы қаласында жастар ресурстық орталығы ашылғанын айтсақ болады. Биыл қала жастары жаңа ғимаратқа көшті. Бүгін міне, Сіздер де өз алдарыңызға бөлек шығып, жаңа ғимаратқа қоныс аударып жатырсыздар. Қазір талабы бар жасқа оқуға, білім алып жетілуге мүмкіндік мол. Жастармен белсенді жұмыс істеп, оқитынына бағыт беріп, оқымайтынына оқуға жағдай жасап, жұмысқа орналастыруға немесе кәсіп ашуға көмек көрсетілуі қажет. Бұл бағытта оң жұмыстар атқарылатынына сенімім мол, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Салтанатты шарада Қазалы ауданының құрметті азаматы Болатбек Пұсырманов да құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді.
Мұнан соң құрметті қонақтар «Жастар үйін» аралап, мекеме жұмысымен танысты.
Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов қазалылық жастарға үнемі қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып жүрген аудан басшысы Мұхтар Оразбаев жастар атынан алғысын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<