Жеңіске жететініме сенімді болдым — 12 жасар шабандоз бала

236

0

Фото: ашық дереккөз

Дүниежүзілік көшпенділері ойыны аясында өткен топ бәйгеде Холибой атты тұлпарымен бірінші келген Сержан Бақтыбай жарыстан кейін әсерін бөлісті.

«Жоспарым аттардың алдыңғы легінде шауып отыру болды. Екінші келген Зымыран мықты жүйрік, ту сыртымнан тынысын сезіп отырдым. Соңғы 500 метр қалғанда қамшы басып, бірінші келдім. 7 жасымнан бәйгеге қатысып келемін. Көңіл-күйім керемет», — дейді шабанбоз.

Алматы облысының Ақтерек ауылында дүниеге келген Сержан Бақтыбай бұған дейін аламан бәйгеге қатысып, Haval көлігін ұтып алған еді

«Холибой мәреге дейін тың жетті, шаршағаны байқалған жоқ. Жеңіске жететініме сенімді болдым», — деді ол.

Холибой бапкері Медет Ерәлім тұлпарының шетелден сатып алынған таза қанды ағылшын жылқысы екенін айтады.

«Шетелден Ресейге, одан бізге келген ат. Германияда, Ресейде жарыстарға қатысқан. Шетелде берілген аты — Холибой. Сатып алғаннан кейін өзгертуге де болар еді. Жақында ғана сатып алдық. Бұл — елімізде бірінші қатысып отырған жарысы. Бағасы құпия, өте қымбат сәйгүлік. Алдағы уақытты ұшқыр бәйгеге, топтық, аламан бәйгеге қосу ойымызда бар. Бұл — нағыз ипподром аты. Өздеріңіз көрген Зымыран осы күнге дейін алдына қара салмай келген еді. Бүгін бізге бұйырды», — деді ат бапкері Медет Ерәлім. 

Сондай-ақ ол шабандоз балаға iPhone16 сатып әперуге уәде етті.

«Кеше түнде атқораға келіп, жеңіске жетсең iPhone 16 алып беремін деп уәде еткенмін. Түнімен уайымдап шығыпты. Алып беремін», — деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<