«Жерұйықтағы» жан сәулесі

1554

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Серікбай Қошқаровтың «Жерұйық» кітабының тұсаукесері өтті.

Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Кәрібозұлы кітаптың мазмұнына әдеби тұрғыда кең көлемді талдау жасап, жалпы оқырманға жол тартқан «Жерұйық» атты жаңа туындыны ұлттық сипаттағы шығармалар жинағы деп бағалады.

– Қазақтың мықты ақыны Қасым Аманжолов өлең жолдарында айтқандай, кез келген шығармада автордың болмысы танылып тұрады. Осы орайда кітапты оқи отырып, кейіпкерлер ішінен қалам иесінің өзін іздедім. Ал, Серікбай Иманбайұлының азаматтық, адалдық болмысы – әріптестері мен шәкірттеріне әрдайым үлгі. Автор шығармаларында адами құндылықты биіктетіп, жат әдеттерден арылуға жетелейді.

Бір мысал айтайын, орыстың атақты жазушысы Л.Толстойдан бір жас жазушы «Қалай жаман жазбауға болады?» – деп сұрапты. Сонда Л.Толстой «Егер жазбауға мүмкіншілігің болса жазба» дейді. Арада біршама уақыт өткенде әлгі жас жазушы тағы келіп, «Қалай жақсы жазуға болады?» – деп сұрайды. Бұл сауалға Л.Толстой «Жазбауға мүмкіншілігің қалмаған кезде жаз» – деп жауап берген екен. Демек, көпті көрген, көкірегіне мол  қазына жиған ғалым ұстаздың жазбауға мүмкіндігі қалмаған сияқты, – деді Б.Кәрібозұлы.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова: – «Жерұйық» кітабы ең әуелі осы Сырдың бойы, туған жердің тұрмыс-тіршілігі, іс басында жүрген азаматтар мен қарапайым еңбек адамдарының болмысын өте әсерлі суреттейді. Сол оқиғалардың астарын терең түйсініп, ғибрат алуға шақырады. Сондай-ақ, шығармалар ішінде халқымыздың бүгінде қолданыстан шығып қалған, көптеген көне сөздері кездеседі. Ол да оқырманның сөздік қорын байыта түседі, – деді.

Шарада Қорқыт ата атындағы университет профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, осы университеттің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғабит Тұяқбаев пікірлерін білдіріп, «Жерұйық» әңгімелер жинағын көркем әдебиетке қосылған сүбелі еңбек деп баға берді.

Техника ғылымдарының докторы, профессор, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев кітап авторы Серікбай Иманбайұлының ағартушылық саласындағы, білім мен ғылымды дамытуда, дарынды шәкірттер тәрбиелеуде атқарған зор еңбегіне тоқталып,  ұстаздық болмысын үлгі етті. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы университет профессорлары Рабиға Игенбаева, Қали Омаров, «Сыр бойы» облыстық басылымы атынан Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ғазиза Әбілда жаңа кітап жайындағы ой-пайымдарын ортаға салды. Шараны облыстық кітапхана басшысы,  тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас жүргізді. Айта кетейік, аталған кітапқа байланысты әдебиетшілер мен ғалымдар пікірі осыған дейін де облыстық басылым бетінде жарық көрді.

Осылайша Серікбай Қошқаровтың әңгімелер мен естеліктерден тұратын «Жерұйық» атты көркем шығармалар жинағы көпшілік оқырманға жол тартты.

Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<