Жетекші саланың жетістіктері

563

0

Мемлекет экономикасының қалыпты дамып, тоқырауына тоқтам қоя алатын жетекші саланың бірі салық деп айтуға болады. Халықтың әл-ауқатының артып, тұрмысының жақсаруына оң ықпал етіп, тіршілікте тірек салаға айналып үлгерген де салық комитеті екені сөзсіз. Демек, экономика дамуының белсенділігі бәсеңдемегені игі.

Дағдарыста дағдарып қалмауымыз үшін тиімді шешім қабылдап, тиісті тетікті табудың маңызы зор. Осы ретте, салық жүйесінің қоғам үшін мәні мен орны ерекше екенін бағамдап, түйсікпен түсіне білгеніміз ләзім.

Бюджет тайқазанына түскен қаржыны үлестіріп, заң шеңберінде шектен шығушылықты анықтап, бақылауды күшейтіп, есеп-қисап жүргізу оңай жұмыс емес. Сондықтан салық саласында салғырттық танытуға әсте болмайды. Қаражатты қамдап, бюджетке түсуі тиіс төлемдер мен салықты белгіленген көрсеткіште жүзеге асуын қадағалау – басты мақсаттың бірі. Астарында ауыр жүк жатқан жауапты жұмыста жауапкершілік танытып, бүтін бір айтулы саланы ұқыптылықпен ұршықша иіріп жүргізу, қадағалау арқылы салық жүйесін қарқынды дамыту – салық басқармасының негізгі міндеті.

Мемлекеттік кірістер органдарының мақсаты – салықтар мен міндетті төлемдердің бюджетке мерзімінде және толық түсірілуін қамтамасыз ету, «көлеңкелі» экономиканы болдырмауға қызмет жасау, қоғамдағы салық мәдениетін көтеру.

Қазіргі таңда, ақпараттық және инновациялық технологиялар жаңарған сайын салық, кеден жүйесіндегі бақылау мен әкімшілдендіруді жетілдіруге байланысты  өзгерістер де күн санап дамып келеді. Мұндай оң өзгерістер облысымызда да орын алуда. Мәселен, облыс бойынша 2023 жылдың 1 қаңтарына барлығы 560 759 мемлекеттік қызмет, оның  559 488 немесе  99,8% электронды жүйемен, 1271 немесе 0,2% ғана қағаз түрінде көрсетілген. Мемлекеттік қызметтің электронды түрде көрсетілуі өткен жылмен салыстырғанда 37243-ке немесе 1,5% өссе, ал қағаз түрінде көрсетілуі 7849-ға азайып отыр, яғни қағазбастылықтан арылып, адами факторларды болдырмау үшін осындай қызметтер көбеюде. Жалпы жыл басындағы жағдай бойынша мемлекеттік тіркеуде 12379 заңды тұлға және  781244 жеке тұлға, оның ішінде 62947 дара кәсіпкер.

Аймағымыздағы салық жүйесіне қатысты жағымды жаңалықтар жетерлік. Бұл қызметтің дұрыс ұйымдастырылуы мен аталған саланың бірізділікке түсуінен деп білемін. Сөзімізді сабақтасақ, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 71963, оның ішінде 9016 заңды тұлға, 62947 дара кәсіпкер. Жыл басымен салыстырғанда заңды тұлғаның саны 359-ға, ал дара кәсіпкерлердің саны 15095-ке артқан. Өңіріміздің салық төлеушілері жыл санап өсіп келе жатыр деп айта аламыз, яғни, 2022 жылы мемлекеттік бюджет 206 млрд 366 млн теңгемен қамтамасыз етілді немесе өткен 2021 жылмен салыстырғанда 43 млрд 303 млн теңгеге артық түсті. Әлбетте, жүргізілген жұмыстың жемісті болуы – әрбір қызметкердің маңдай тері мен еткен еңбегінің нәтижесі. Салық саласының қыр-сырын меңгеріп, жауапкершілікпен, абыроймен қызмет ететін жандар барда департамент жұмысы жандана бермек. Бүгінде департаменттің штаттық саны 332 бірлікті құрайды, оның ішінде: облыстық аппаратта 151 бірлік (45,5%), аумақтық бөлімшелерде 181 бірлік (54,5%).

Департаменттегі өз ісіне мығым, іскер, мықты мамандарымыз аса ыждағаттылықпен қарап, ықтиятты жұмыс істейтіні қол жеткізген жетістіктерімізден белгілі болып тұратындай. Әсіресе, отбасы мен қызметті қатар алып жүрген әйел адамдардың еңбегі ерен. Олардың саны 175 (53%), оның ішінде облыстық аппаратта 78 (52,7%), қала, аудандарда 97 (54%). Сонымен қатар, басшы лауазымдағы әйелдер саны 26-ны құрайды, оның ішінде облыстық аппаратта – 17, қала, аудандарда – 9. Тарқата айтсақ, салық және кеден органдары саласынан бүгінгі күнге дейін 55 әйел зейнеткерлік жасқа толуына байланысты демалысқа шыққан. Ал көпбалалы аналар саны – 29 қызметкер. Оның ішінде 1 қызметкер «Күміс алқа» иегері – Раббия Айтбаева. Шикілік шықпауы үшін шыдамдылық танытып, кемшілік кетпес үшін көз майын тауысып құжаттарды реттеп, олқылыққа жол бермейтін қызметкерлер абырой биігінде. Департаменттің жүйелі жұмысына, салық саласына сүбелі үлес қосудан тынбайтын әйелдер қауымының еңбегі зор. Еселі еңбегінің арқасында саланың еңсесін тіктеп, беделімен биік белестен көрінген қызметкерлеріміз мақтауға лайық. Департаментте марапат мінберінен көрінген майталмандар аз емес. Әйелдер қауымынан 2 қызметкер «Қаржы қызметінің үздігі», 4 қызметкер «Салық қызметінің үздігі», 11 қызметкер «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» атанған. Одан бөлек, қызметкерлеріміз «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл»,  «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл»,  «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Конституциясына 25 жыл»,  «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Сайып келгенде, мұның бәрі жұмысқа адалдықтың көрінісі һәм нақ көрсеткіші екені ақиқат.

Сөз соңында, отбасындағы бірлікті бекемдеп, жұмыста да белсенділік танытқан департаменттегі әйелдер қауымын көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Шұғыласын шашып жүретін нәзік жандарға жүздеріңіз нұрлы, көңілдеріңіз көркем болсын деймін. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат тілеймін!

Ғ.АМАНОВ,

облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің  басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<