Жезқазғанға жол Қызылордадан басталады

504

0

Жол – тіршіліктің өзегі. Кейінгі жылдары Қазақстан өзгеріске бетбұрыстың байыпты қадамын осы саладан анық аңғарта түскенін жалпы жұрт жақсы біледі. Алайда, жол-көлік қатынасының бар мәселесін түгесіп тастау тіпті мүмкін емес. Соның ішінде Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ешқандай стандарттарға сай келмейтін ескі  тас жолды республикалық маңызға ие деп айтуға әсте келмейтін еді. Қаншама жылдардан бері көлік жүргізген жүргізушілер мен сапарға шыққан жолаушылар оның ақыретін көріп келеді. Әсіресе күз бен көктем айларындағы жауын-шашын, қыстың қарлы бораны жол азабын тартқызып тұр. Бұл мәселе кешегі кеңестік дәуірдің кезінде де, еліміз тәуелсіздікке ие болған кезеңнен бері де аз айтылған жоқ. Әйтеуір, Жезқазған бағытына келгенде қаржының реті келмей, үнемі кейінге ысырыла беретін.

Десе де, бұл жолға мүлде назар аударылмады деуден аулақпыз. Сонау 2003 жылы Үкімет шешімімен осы жолдың күрделі жөндеуге қаржы бөлініп, жұмыстары басталып кеткен болатын. Сол жұмысты көзбен көргенімізде бұл күрделі жөндеу емес, жолды жаңадан салу дегенге келеді ғой деп ішіміз жылып қалған еді. Әйтсе де, қуанышымыз ұзаққа бармады. Сол жылы жолдың біздің облыс аумағындағы 30 шақырымдай ғана бөлігі жаңартылды да, одан кейін жұмыс тоқтап қалды. Келесі жылға жоспарлап қойған қаржыны Үкімет басқа жұмыстарға аударып жіберді де, одан кейін көңіл бөлінген жоқ.

Қызылорда облысының басшылары барлық уақытта да аталған жолды жаңғырту мәселесін көтеріп отырды. Гүлшара Әбдіқалықова да облысқа басшы болып келгелі осы проблеманы бірнеше рет үкіметтік деңгейде көтерді. Соның арқасында жаңғыртуға қатысты өткен жылы шешім шықты. 583 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жыл басында қоғамдық тыңдаулар өткізілген болатын.

Ал кеше ғана облыс әкімі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қазақстан Үкіметі тарапынан «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар тұратын «Жезқазған-Қызылорда» автомобиль жолының жаңа жобасына қол қойылғаны туралы сүйінші хабар таратты. Компания бұл қаржыны Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ, Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына бөлмек.

Енді жол құрылысы  Қызылорда облысы жағынан басталады.

Облыс әкімі жоба аймақтардың байланысын жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігі стандарттарының жоғарылауына мүмкіндік беретініне назар аударып, еліміздің ұлттық автожол жүйесінде электромобильдерді қолдануды қамтамасыз ететін жол инфрақұрылымын құруға әзірлік стратегиясын жасауға көмектесетінін жеткізді. 

«Бұл біздің мемлекетіміз үшін экономикалық интеграция мен COVID-19-дан кейінгі жағдайдың қалпына келуін жақсарту үшін дұрыс көлік инфрақұрылымын құруда аса маңызды болмақ», – деп келтірді облыс басшысы.

Шын мәнінде бұл жолдың жаңа стандарттармен салынуы өңіріміз үшін аса маңызды екенін айтқымыз келеді. Сарапшылар мен мамандар жаңа жол еліміздің және аймақтың экономикасын дамытуға серпін беретінін бірауыздан мақұлдап отыр. Атап айтқанда, заманауи автомагистраль солтүстік өңірлер мен еліміздің оңтүстік бөлігі аралығындағы қатынасты айтарлықтай жақсартып, облысымыздың инвестициялық тартымдылығы мен туристік әлеуетін арттыратын болады. Жүк айналымының көбеюі өз кезегінде кәсіпкерлікті дамытуға үлкен үлес қосады. Жаңғыртылған автомагистраль еліміздің оңтүстік өңірлерінен Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтары арқылы Ресей Федерациясының өндірістік аудандарына тікелей шығуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, Жезқазған, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларына жылдам жететін боламыз. Бұл енді үлкен игіліктің бастауы.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<