Жиын-терімді бастады

572

0

Биыл облыста 184 мың 200 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Басты дақыл – күріш 89,5 мың гектар жерге себіліп, диқан ағайын ала жаздай күтіп-баптаған егісін жинауға кірісті.

Өткен апта соңында Шиелі ауда­нындағы «Ақмая» шаруа қожалығына орақ түсті. Міне, оңтүстіктегі қос ауданның ізін ала Жалағаш және Сыр­дария аудандарында да күзгі жиын-терім маусымы басталды.

Осы сәрсенбіде Жалағаш ауданы Таң ауылдық округіндегі «Таң ЛТД» ЖШС-ның егіс алқабындағы егінге алғашқы орақ салу рәсіміне аудан әкімі Асылбек Шәменов, бірқатар ірі шаруашылық құрылым төрағалары, ауыл ақсақалдары мен еңбеккерлер қатысты.

Биылғы жылы аталған ауданда барлығы 36 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл – күріш көлемі 21 600 гектар.

– Күріш – біздің елдің, Сыр бойының негізгі байлығы. Ендігі мәселе – осы байлықты шашпай-төкпей ысырапсыз жинап алып, халықтың игілігіне жарату. Бұл үшін барлық жағдай бар. Егін жинауда техника қашанда шешуші рөл атқаратыны белгілі. Биылғы егін жинау науқанына барлығы 994 дана техника қатысады, – деді аудан басшысы А.Шәменов.

Айта кетейік, Имамзада Шағыртаев­тың басқаруындағы «Таң ЛТД» ЖШС биылғы жылы 1912 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналас­тырды. Серіктестіктің бұған дейінгі жылдарды табыспен қорытындылап, облыс көлемінде биік белестерді ба­ғындырып жүргені мәлім.

Өткен жылы осы серіктестіктің диқандары күріштің әр гектарынан 76 центнерден өнім алды. Шаруашылық тек күріш егіп қана қоймай, мал азығын да өндіріп келеді. Нақты кезеңде құры­лымда 115 адам тұрақты жұмыс істейді.

Осы күні Сырдария ауданындағы «Ақжарма және К» шаруа қожалығы еңбеккерлері, ал ертесіне Н.Ілиясов ауылы диқандары егінге орақ салды.

Қайрат Нұрсейітовтің басқаруын­дағы «Ақжарма және К» ШҚ биыл 1550 гектар күріш екті. Төрағаның айтуынша, фермер қожалығының жұ­мысы ілге­рілеген сайын ауылдың әле­уетін жақсартуға жұмыс жасалуда. Атап айтқанда, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілуде, сон­дай-ақ шаруашылықта жұмыс істей­тін жас мамандарға үй салынып берілуде. Жастарды қолдау шаралары іске асы­рылуда. Карантин кезеңінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұ­мыс­тары да шаруашылық есебінен ұйым­дастырылыпты.

Республикағамыздағы үздік ауыл­дардың бірінен саналатын Нағи Ілиясов ауылындағы егінге орақ салу рәсіміне аудан әкімі Руслан Рүстемовпен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев, «Мағжан және К» ЖШС директоры, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Дархан Ерәлиев, «Абзал және К» ТС директоры Мағжан Ерәлиев, ауыл ардагерлері, шаруашылық қызмет­керлері қатысты. Егінге орақ салуға арналған жиында аудан басшысы ала жаздай тер төккен диқандарға сәттілік тіледі.

– Сыр күріші – ел ырысы. Жыл сайын аграрлы ауданымыз ауылшаруашылық саласы бойынша жоғары белестен көрініп келеді. Оның ішінде Н.Ілиясов ауылындағы дала еңбеккерлерінің ел қамбасын алтын дәнге толтыру ісіне қосатын үлесі қомақты. Биылғы жылы да адал еңбекті ту еткен диқандар күріштен мол өнім жинайды деп сенеміз, – деді аудан әкімі.

Әртараптандыру бойынша Сырдария ауданының диқандары биыл 33 110 гектар жерге дақыл­дар орналастырыпты. Оның ішінде 21 126 гектарына күріш егілген.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<