ЖОЛ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫЛАР МҮМКІНДІГІ

358

0

Жақында «Қызылорда-Ташкент» бағытына тұрақты қатынайтын автобус рейсі ашылады. Бұл жайында өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов мәлімдесе, биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары  Ерлан Жоламанов айтып берді.
Аймақ басшысы автомобиль жолдары желісін дамыту мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған «Жол картасын» бекіткен болатын. Соған орай республикалық және облыстық  бюджеттен 103  жобаны қаржыландыру жоспарланды. Оның аясында 1390 км құрайтын автомобиль жолдары мен көшелерге және 12 көпірге, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.  Нәтижесінде 2020 жылға қарай жергілікті маңызы бар  жолдардың сапасы 65 процентке жақсарады.  Жалпы, облыс аумағында автомобиль жолдарының ұзындығы 3445 шақырым.  Өткен жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөлініп, 215 шақырым жол жөндеуден өтті. Ал, биылғы жылы бұл жұмыстарға 15 млрд теңге бөлініп, 360 шақырым  жолды  жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, басқарма облыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын  республикалық бюджет есебінен жүргізуге ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне 9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынды.  Биылғы жылға 2,7 млрд теңге қолдау тауып, 15 жоба бойынша 252 шақырымнан астам облыстық және аудандық маңызы бар жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтетін болады. Айта кетерлігі, Сырдария өзенінің сол жағалау алқабын игеру мақсатында  көше-жолдары желісін орналастыру үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып,  2 жоба бойынша 2017 жылы басталған екі магистральді көше құрылысын салу жобасы биыл жалғасты. Сондай-ақ, Шіркейлі қаналына көпір салуға қажетті 706 млн теңге республикалық бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары басталмақ.
Ержан Қыпшақбайұлының айтуынша,   соңғы 10 жыл ішінде облыста автомобиль көлігі қызметі оңтайланған. Және де жолаушы тасымалдау саласының сапасы артып, көлемі ұлғайып  келеді. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылдың ақпан айында 10 автобусқа облыстық бюджеттен  қаржы бөлініп, конкурс өтті. Жеңімпаз танылған «ГазКомТехника» ЖШС  осы жылдың мамыр айына дейін беларусь елінде жасалған 10  автобусты қалаға жеткізетін болды.
Брифингте өңірдегі газдандыру, жылумен қамтамасыз ету, абаттандыру, көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, су, электрмен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ералыұлы кеңінен әңгімеледі.
Өткен жылы «Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауының газ таратушы желілерін салу» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бүгінде бұл жұмыс тыңғылықты атқарылуда. Ал биыл облыстық бюджеттен «Шыны зауытынан АГТС-1БГРП-1 және БГРП-2-ГРП-Наурыз, Махамбетке дейінгі жоғары қысымды 1,2 МПа газ құбырының құрылысы мен Махамбет және Наурыз елді мекендерін кварталішілік газдандыру» жоба-сметалық  құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөлінді.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<