Балалардың қауіпті ойынына байланысты тұрғындарға үндеу жасалды

324

0

Қазнетте қазақстандық жасөспірімдердің өмірге қауіпті ойыны туралы ақпарат пайда болды – балалар жүріп келе жатқан көліктің алдын кесіп өтіп, жолдан жүгіріп өтеді.

Полицейлер бұл жайтқа байланысты үндеу жасады. Lada.kz басылымының хабарлауынша, мұндай оқиғалардың бірі Ақтауда видеотіркегішке түсіп қалған. Түнгі уақытта бірнеше бала жаяу жүргіншілер өткелінен алыс жерде көлік көп қатынайтын жолды кесіп өтпек болған.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде өлімге әкеліп соғатын «жүгіріп өт немесе өл» атты ойынның пайда болғаны туралы ақпарат таралуда. Ойынның шарты бойынша көліктер ағынында жолды кесіп өту керек. Бұл жағдайда бала не көліктің астына түсуі мүмкін, не аман-есен жолды кесіп өтіп, жеңіске жетеді», – деп жазады басылым.

Маңғыстау облысының полицейлері бұл видеоға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ. Осыған ұқсас жайт Шығыс Қазақстан облысында да болған. Instagram желісіндегі ridder.live парақшасында жолдың бойында тұрған екі ұл баланың видеосы жарияланған. «Бәрі де «жүгіріп өт немесе өл» ойыны туралы естіген болар. Капюшоны бар сұр жасыл күртеше киген киген бала жолды кесіп өтіп, «ВАЗ» маркалы қара көлік-ау деймін, соның алдынан жүгіріп өтті. Жүргізуші дер кезінде тоқтап үлгерген. Кейін бала достарымен бірге ыржыңдай күле кетті», – делінген жазбаның сипаттамасында.

ШҚО полиция департаменті жазбаның астында пікір қалдырып, видеоға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Тергеу аясында барлық мән-жай анықталады, сонымен қатар жарияланған видеода көрсетілген оқиғаның куәгерлерінен көмек көрсету мақсатында кері байланыс орнатуын сұраймыз. Құрметті ата-аналар, балаларыңызға мұқият болыңыздар және олардың қауіпсіздігін қадағалаңыздар», – делінген ШҚО ПД хабарламасында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<