Жылдың үздік мұғалімі

1302

0

Өткен аптада елордада «Халықтың сүйіктісі – 2024» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Биыл 14-рет табысталған сыйлық иегерлерінің қатарында жерлесіміз, №80 мектеп-гимназиясы география пәнінің мұғалімі Серік Ниязов «Жылдың үздік мұғалімі» атанды.

– Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған  білікті ұстаздармен бәсекеге түстім. «Қазақта бақ шаба, бап шабама» деген сөз бар. Бабым мен бағым қатар келіп, жеңіске қол жеткіздім. Бұған дейін облыс әкімінің білім беру саласы қызметкерлеріне тағайындалған біржолғы сыйақының иегері атансам, 2023 жылы республикалық «Үздік педагог-2023» атағын иелендім. Биыл міне, одан жоғары жетістіктің төрінен көріндік.  Бұл – ауыл мұғалімдеріне деген қолдау. Сондай-ақ менің ғана емес, Сыр елі ұстаздар қауымының жетістігі деп білемін. Маған сенім білдірген жандарға алғысым зор, – дейді Серік Ұзақбайұлы.

Айта кету керек, салтанатты шараның негізгі он номинациясы бойынша жеңімпаздар екі кезеңдік дауыс беру арқылы анықталды. Бірінші кезеңде Facebook әлеуметтік желісінде, екінші кезеңде әр номинациядан төрт финалист іріктеліп, жеңімпаздар анықталған.

Сыйлықтың құрметті номинациялары бойынша шешімді марапаттау академиясы қабылдады. Академия құрамында Мұрат Әбенов, Майра Айсина, Айгүл Соловьева, Ирина Смирнова, Ирак Елекеев, Абзал Құспан, Серік Сейдуманов, Қуаныш Ерғалиев және басқа да танымал қазақстандықтар бар.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<