Жылу маусымына дайындық пысықталды

258

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жылу беру маусымына дайындық мәселесіне қатысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламановты қабылдады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Жылу маусымына отын қорын жеткізу – өзекті мәселе. Аймақта 1185 әлеуметтік нысанға 39,5 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын, ал жергілікті тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір отыны қажет. Бүгінде тұрғындарға қажетті 25 мың тонна көмір отыны жеткізілген. Қала және аудан тұрғындары үшін көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында өндіруші кәсіпорындармен тікелей келісім-шарт жасау жұмыстары басталған.
Қазіргі кезде коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары 66%-ға, әлеуметтік сала нысандары мен автономды қазандықтардың жөндеу жұмыстары 81%-ға орындалған. Сондай-ақ, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығы 70% құрайды.
Айту керек, өңірде жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары да қарқын алды. Мәселен, «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламаларымен Қызылорда қаласында 14 шақырым жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары іске асырылды.


Қабылдау барысында аймақ басшысы әлеуметтік нысандарға жүргізілетін жылыту жұмыстары бойынша есепті тыңдады. Биыл өңірде 1185 әлеуметтік сала нысандарының жөндеу жұмыстары 81%-ға орындалған. Оның ішінде 432 білім беру нысаны, 312 мәдениет саласының нысаны, 247 денсаулық сақтау нысаны, 460 кіші қазандықтардың жөндеу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, облыс бойынша 19 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына бейімдеу жоспарланған.


Облыс әкімі жылу маусымына дейін қажетті шараларды кезең-кезеңімен іске асырып, жылу жүйелері талапқа сай дайын болу керектігін тапсырды. Бұл ретте қысқа дайындық мәселелері облыстық штабтың тұрақты бақылауында болатыны айтылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<