(немесе «Айтбай» мешітін сақтап қалған тұлға туралы бір үзік сыр)
Сыр өңірінің шежіресінен бөле-жара қарауға болмайтын, 150 жылдық жылнамасы бар «Айтбай» мешітінің тарихын зерттеп жүргенімізде оған қатысты мына бір оқиға айрықша әсер етті. 1979 жылдың наурыз айының басында Халық депутаттары Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы А.Лапшиннің бұйрығымен «Прибрежний» шағын ауданының құрылуына байланысты «Айтбай» мешітінің ғимаратын сүру туралы шешім қабылданады. Орнына үш қабатты тұрғын үйлер салу жоспарланады.
Бірақ бұл шешімді Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жарылқасын Үмбетов құптай қоймайды. Ол сол жылдың 22 наурызында Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Ш.Бәкіровке арнайы хат жазып, «Айтбай» мешітін мемлекеттік қорғауға алу туралы өзінің ұсынысын жеткізеді. Басқарма бастығы өткен ғасырдан келе жатқан сәулеттік маңызы зор мәдени ескерткішті жермен-жексен етуге түбегейлі қарсылық білдіреді.
Жиырма күн бойы жүрген біраз талас-тартыс, талқылаудан кейін 1979 жылдың 11 сәуірінде Халық депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің «Объектілерді жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жатқызу туралы» №213 шешімі шығып, мешіт мемлекеттік қорғауға алынады. Лапшиннің шешімі бұзылып, оған «Прибрежний» шағын ауданын жобалау кезінде «Айтбай» мешіті ғимаратының сақталуы ескерілсін» деп тайға таңба басқандай жазылады.
Егер сол кезде облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ж.Үмбетов болмаса, бүгінде «Айтбай» мешіті де болмас еді. Міне, ғибадат үйі салынғанына 101 жылдан кейін қолдан жасалған бір «апаттан» осылайша аман қалады.
Мұрағаттан осындай құнды дерек табылған соң, құлшылық үйінің бүгінгі күнге аман-есен жетуіне басты себепкер болған Үмбетов туралы мәліметтер іздестіре бастадық. Бар ойымыз – дайындалып жатқан кітапқа суретін қоса беру. Онымыз мешіт жамағаты, жалпы халық кімге қарыздар екенін білсін деген ниет. Басқарма, архив бардық, мәдениет саласына қатысы бар адамдардан сұрастырдық. Десек те, бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтіндер табыла қоймады.
Былтыр 19 қарашада «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабы мен деректі фильмінің тұсаукесерін аман-есен өткізіп, облыстық кітапханаға кітап сыйлауға барғанбыз. Сонда кітапхана директорының орынбасары Айгүл Жанғабылова әңгіме арасында Үмбетовтің қарындасы облыстық кәсіподақта жұмыс жасайтынын, кітаптағы ағасы туралы мәліметтерді ол кісіге жібергенін айтып қалды. Біз «Қалайша?» деп таңғалып жатырмыз. Мешіт тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлға туралы білетін адам осы күнге дейін жанымызда жүріпті ғой!.. Айгүл Есенқызынан ол кісінің есімі Жарылқасын екенін алғаш рет білдік. Сол кездесуде өңіріміздің бас имамы Дастан қажы Жанасұлы:
– «Айтбай» мешітін сақтауда Жарылқасын Үмбетов ағамыздың орны бөлек. Тіпті оның еңбегі ерлікпен пара-пар деуге болады. Себебі, ол кезеңде шыққан шешімді бұздырту екінің бірінің қолынан келе бермейді, – дегенді қадап тұрып айтқан.
Кейіннен желтоқсан айының соңында Алматыға арнайы барып, ағамыздың бүгінде көзі тірі жалғыз қызы Ақмарал апаймен жолығып, әкесі туралы естеліктерін тыңдап қайтқанбыз. «Айтбай» мешітіне сіңірген еңбегін айтып, деректі кітапты сыйға тарттық.
Қылышынан қан тамған кеңес өкіметі кезінде билікке қарсы тұрып, ғибадат үйін қорғап қалған Жарылқасын ағамыз 1927 жылы Сырдария ауданының Сұлутөбе ауылында дүниеге келіпті. Ауыл мектебінің қабырғасынан басталған білімге деген құштарлық оны Қызылорда педагогикалық институтына, кейіннен Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне дейін жетелейді.
1949 жылы еңбек жолын Жаңақорған аудандық халық ағарту бөлімінде мектеп инспекторы болып бастаған ол көп ұзамай-ақ оқу-тәрбие ісінің шебер ұйымдастырушысы ретінде танылады. Жас маманның алғырлығы мен біліктілігі оны 1950-1955 жылдары облыстық Мұғалімдер үйінің директорлығына, Сырдария ауданындағы орта мектептің оқу ісі меңгерушісі, С.Орджоникидзе атындағы орта мектептің директоры, сондай-ақ Сырдария аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтеріне дейін жеткізеді.
Замандастарының естелігіне сүйенсек, Жарылқасын ағамыз бойына ұстаздық пен басшылық қасиет қатар өрілген, сөзге шешен, өзіндік берік ұстанымы бар азамат болған. Терең білімі мен тарихи танымы оны қашанда өзгелерден даралап тұрыпты. Әсіресе, әлемдік әдебиет пен өнерді, тарихтың арғы-бергі қойнауын, қыпшақтар тарихын, тіпті мажарлардың түп-тамырын егжей-тегжейлі зерттеп, деректерді тереңнен талдайтыны әріптестерін талай таңғалдырыпты.
1956 жылы Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің аппаратында жауапты жұмысқа ауысып, кейін Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы болады. Ал 1966 жылы жаңадан бой көтеріп келе жатқан Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қалалық кеңесі атқару комитетінің алғашқы төрағасы болып сайланады.
Байқоңыр кезеңі Ж.Үмбетовтің қайраткерлік бейнесін толық ашқан сындарлы шақ еді. Әскери шенділердің өктемдігі жүріп тұрған, Мәскеуге тікелей бағынатын бұл жабық қалада азаматтық билікті орнықтыру оңайға соқпады. Алайда заңды терең білетін, талабы таудай, сөзі өтімді ағамыз өркеуде әскери басшылардың өзін мойындата біледі. Ол тек қала шаруашылығын реттеп қана қоймай, жергілікті халықтың рухани сұранысын бірінші орынға қояды.
Байқоңырда Жарылқасын Ибраһимұлының тікелей бастамасымен телестудия құрылып, тұрақты телехабарлар таратыла бастайды. Өзі халықпен теледидар арқылы жиі жүздесіп, елдің мұң-мұқтажын тыңдауды әдетке айналдырды. Тіпті сол тұстағы үлкен айтыс-тартыстардың нәтижесінде аталған телехабарлардың көршілес Қармақшы мен Қазалы аудандарының елді мекендеріне де таралуына жол ашады. Бұл ол кезде нағыз ерлікке бергісіз жаңалық еді.
Қоғам қайраткері 1971 жылдан бастап құрметті демалысқа шыққанға дейін 16 жыл бойы Қызылорда облыстық мәдениет басқармасын үздіксіз басқарады.
Осы жылдарда Үмбетовтің бастамасымен облыстағы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы түбегейлі жаңартылады. Алшақ жатқан ауылдарға автоклубтар жеткізіліп, халық шығармашылық ұжымдары көбейді, ақындар айтысы қайта жаңғырды. Бүгінде «руханият ошағына» айналған Нартай Бекежанов атындағы Қазақ драма театрының еңселі ғимаратын жобалап, оны тұрғызуда орасан зор еңбек сіңіреді. Осы ғимаратқа қажетті ең озық техникалық құралдарды, көрермен залындағы еңселі аспалы шамдар мен арнайы орындықтарды алдыру үшін Мәскеу мен Ленинградтағы «жоғарғы кабинеттердің» босағасын сан мәрте тоздыруға мәжбүр болады.
Облыстық тарихи-өлкетану музейіне ғимарат алып беру, оны құнды жәдігерлермен толықтыру, Сыр бойындағы тозығы жеткен тарихи-мәдени ескерткіштерді жөндеп, мемлекет қорғауына алу ісі де осы Жарылқасын ағамыздың тікелей қадағалауымен жүзеге асады. Мәдениет саласында қызмет еткен замандастары оның жұмысқа деген адалдығын, кітапханаға жиі келіп, түн ауғанша жаңа әдебиеттерді парақтап оқитын жан-жақтылығын, «тура биде туған жоқ» деген қағиданы қатаң ұстаған әділдігін әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады.
Облыс пен қаланың саяси басшылығы құрамында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, Халық депутаттары облыстық кеңесінің депутаты болып сайланған кейіпкеріміз қай қызметте болмасын жоғары жауапкершілік, елжандылық және парасаттылық таныта білді. Зейнет жасына жеткеннен кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбей, Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау облыстық қоғамының төрағасы болды. Осылайша, облыстық мәдениет басқармасын басқарып жүрген кезіндегі тарихи, мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіруде бастаған игі жұмыстарын әрі қарай жалғастырды.
Өзінің саналы ғұмырында бірнеше рет Социалистік жарыс жеңімпазы атанып, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған, Сыр руханиятының жоғын жоқтап, барын түгендеген асыл азамат 1989 жылдың 8 тамызында кенеттен болған қайғылы жол апатынан мезгілсіз өмірден өтті.
– Көлікте әкеммен бірге менің 5 жасар ұлым да болған еді. Ол оқиға орнында қаза тапты. Әкем ауруханада есін жиғанда бірден немересін сұрапты. Дәрігерлер оның аман қалмағанын айтыпты. Әкеміздің жүрегі соны көтере алмады. Егер дәрігерлер айтпай тұра тұрғанда, әкеміз де тірі қалушы ма еді, – деген болатын Алматыдағы кездесуде Ақмарал апамыз.
Мәдениет майталманы адал жары Халила Әлімбетқызымен бірге Ақмарал, Шолпан және Асқар атты перзенттерді өмірге әкеліп, оларды азамат атандырды. Бір өкініштісі, бүгінде Халила апамыз да, Шолпан мен Асқар да ортамызда жоқ.
«Әркім өз саласын Үмбетовтей алып жүрсе, атасына рахмет» депті сол жылдары облысты басқарған Исатай Әбдікәрімов. Айтса айтқандай, адалдық пен әділдікті ту еткен Жарылқасын Үмбетовтің есімі мен еңбегі – тек «Айтбай» мешітін сүрілуден сақтап қалған ерлігімен ғана емес, Сыр өңірінің мәдениетіне сіңірген ұшан-теңіз үлесімен де ел есінде мәңгі сақталары ақиқат.
Келер жылы осындай атпал азаматтың дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Осы орайда, сонау қиын-қыстау кезеңдерде жоқтан бар жасап, облыс тарихынан айрықша орын алған біртуар жанның есімі осы бастан ардақталса деген тілегіміз бар. Өйткені, бабалар мұрасына араша түскен мұндай қайраткердің өнегелі істерін уақыт парағынан өшіруге ешкімнің де хақысы жоқ.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Ақпарат саласының үздігі





