«АУЫЛ АМАНАТЫ» – ЕҢБЕККЕ ЖОЛ, КӘСІПКЕ ҚОЛДАУ
«Ауыл аманаты» жобасы көптеген азаматтарға өз ісін бастауға, оны кеңейтуге және табысын арттыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Аталған жобаның игілігін көріп отырғандардың бірі – Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғыны Гүлсая Әбілдаева
Кәсіпкер 2025 жылы 9,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жолдасы Сабит Атақұловпен бірге пластик өнімдерін өндіретін шағын цехтың жұмысын жандандырды.
Отбасылық кәсіп бүгінде екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал алдағы жоспарлар бұдан да ауқымды. Кәсіп иелері цех көлемін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды, өндіріс көлемін бірнеше есеге арттыруды көздейді.
МҮМКІНДІККЕ ЖОЛ АШҚАН БАСТАМА
«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» жобалары нақты нәтижесін көрсетуде. Бастамалар жүздеген отбасының тұрмысын жақсартып, жастарға білім алуға мүмкіндік беріп отыр.
Соның бір жарқын дәлелі – Сыр өңіріндегі аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 жастың арманға бастар жолына нақты қолдау көрсетілуі. Жаңақорған аудандық филиалының үйлестіруімен және «Байкен-U» серіктестігінің қолдауымен 17 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, бүгінде бұл жастар еліміздің түрлі оқу орындарында алаңсыз білім алып, болашағына нық қадам жасап келеді.
ЕКІ ЖҮРЕК: БІР ШАҢЫРАҚ, БІР ӨМІР
15 сәуір – Ғашықтар күніне орай «AMANAT» партиясының облыстық филиалы «Отбасы» орталығымен бірлесіп, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Екі жүрек: бір шаңырақ, бір өмір» атты мерекелік іс-шара өткізді.
Кеш барысында жастар өз сезімдерін өнер арқылы жеткізіп, отбасы дәстүрлері мен құндылықтары туралы ой бөлісті. Жас жұбайларға арнайы арт-терапиялық бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар, он жас жұптың некесі заңды түрде қиылып, оларға неке куәліктері табысталды. Жас отбасыларға «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының құттықтауы мен естелік сыйлықтары ұсынылды.
Іс-шара барысында жас отбасыларға алтын той иесі Жұмабай Жәлімбетов ақ батасын берді.
Кеш соңында өнер жұлдыздары ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тұрғындар «AMANAT» партиясы ұйымдастырған фотокабинада естелік суретке түсіп, арнайы қойылған кітапшаға өз тілектерін жазып қалдырды.
ҰЛТТЫҚ МҰРА ҰЛЫҚТАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы «125 YBYRAI ULTTYQ MEKTEBI» мектебінің ұжымымен бірлесіп, «Ұлттық мұра» жобасы аясында «Ұлттық мұра – халықтың асыл қазынасы» атты ауқымды мәдени кездесу ұйымдастырды.
Қаланың орталық алаңында өткен кеш ұлттық бояуға қанық мазмұнымен ерекшеленіп, жиналған жұртшылыққа ата дәстүрдің тағылымын кеңінен паш етті.
Кеш барысында әуелеген ән мен күмбірлеген күй көрерменге рухани серпіліс сыйлап, халқымыздың асыл мұрасы кеңінен насихатталды. Сонымен қатар қатысушылар асық ату, қол күрес, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерінен бақ сынап, өз шеберліктері мен қайсарлықтарын танытты. Жиында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай ұлттық мұраның ұлт болашағындағы маңызына тоқталып өтті.
Шара қорытындысында ұлттық ойындар мен сайыстарда топ жарған қатысушылар «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының Алғыс хаты және Қызылорда қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
«ТАЗА БЕЙСЕНБІ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
«AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» партиялық жобасы аясында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілді.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шарада 50-ден астам партияластар белсенділікпен қатысты. Жалағаш кентіндегі Жеңістің 50 жылдығы көшесінің бойында орналасқан І.Қабылов атындағы саябағына тал егу жұмыстары оның ішінде, қураған талдармен шөптерді тазарту, арық қазу жұмыстары жүргізілді.
«АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ»: ПАРТИЯ АРДАГЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Партияның облыстық филиалында ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан, саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған қоғам қайраткері, партия ардагері Сайлаубай Әбішұлы Әбішевпен кездесу өтті.
Кездесуді партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жүргізді. Жиын барысында Сайлаубай Әбішұлының өмір жолы, еңбек тәжірибесі мен елге сіңірген қызметі жайлы кеңінен әңгіме өрбіді. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мазмұнды пікір алмасу болды.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жоба аясында қолға алынып отырған «AMANAT:TULGAлар» атты жаңа бастаманы таныстырды.
Биыл ардақты азаматтың 80 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтуде. Кездесу барысында Жандос Базартай партия ардагеріне құрмет көрсетіп, партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлы Кәрібектің мерейтой иесіне арналған арнайы құттықтауын табыс етті.
«AMANAT IDEATHON» ХАКАТОНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Kyzylorda Hub» және «Shik» жарнамалық агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылған «AMANAT IDEATHON» хакатоны өз мәресіне жетті.
Байқауға Астана қаласы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан 200-ге жуық жас зияткер қатысып, 100-ге жуық жоба ұсынылды.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен өзгелерден оза шапқан дарынды жастардың бірі – Сырдария ауданы №35 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Мұхамеджанова Көркем Жандосқызы. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын жеңіп алды.
Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ағылшын тілін ойын арқылы үйретуге арналған «Qozy» мобильді қосымшасын ұсынған Жолдасбек Мадибек пен Ерасыл Сарыбаев 1 миллион теңге жүлдеге ие болды.
ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ
Жұмыс аптасында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлшат Мусаева, облыстық әділет департаментінің басшысы Бәукен Әлмеш партия алаңында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға 11 азамат өтінішпен келіп, олардың 7-і оң шешімін тапты. 4 мәселе бойынша кеңестер берілді.





