Қарымы бөлек қайраткер

157

0

Фото: автордан

Осы жылдың 22 маусым күні көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлының туғанына 95 жыл толады. 1985 жылдың 22 қаңтарынан 1989 жылдың 25 шілдесіне дейін Қызылорда облыстық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, өзі бекіткеннен соң меңгерушісі ретінде өзімен тікелей қызметтес болғанымды, бұл мен үшін өзіндік мектеп те болғанын еске алып, еріксіз қолыма тағы да қалам алып отырмын.

Қызылорда облыстық партия ко­митетінде он жеті жарым жыл қызмет еттім. 1938 жылдан 1991 жылға дейін облыстық партия ұйымы жүйесінде он жеті бірінші басшы бол­ғанынан да, солардың ішінде Мұ­хамедғали Әленұлы Сужиков, Мұс­тақым Біләлұлы Ықсанов және Еркін Нұржанұлы Әуелбековтердің Сыр елі­не сіңірген ерен еңбектерінен де ха­бардар едім. Сол себепті реті келсе, олардың есімдерін ел есінде қалдыру менің де ылғи жадымда жүретін. 2013 жылы облысқа әкім болып рес­публикаға танымал Қырымбек Елеу­ұлы Көшербаев келіп, өзін құттықтай кіргенімде осы кісілердің есімін есте қалдырудың бір жолы ретінде аттарын мектептерге беру туралы ұсыныс жа­садым. Өзі де жақсы білетін мәселеге аймақ басшысы бірден келісті. Екінші рет облысқа келгенімде бұл кісілер туралы Астанаға кеткен ұсыныстың көшірмесімен таныстым.

Осылай Еркін Нұржанұлы Әуелбек­­овтің есімі Қызылорда қаласын­дағы №4 дарынды балаларға арналған мек­теп-интернатқа берілді. Сөйтіп Алаш­тың анасы атанған Сыр бойы сұлу Көкше аймағында дүниеге келген Ере­кеңді де өз бауырына басқан болатын. Мектеп қазір Ерекеңнің саяси өмірі мен қызметін насихаттайтын орынға айналды.

Бұрын түрлі билік органдарында басшы қызметтерде болған, министр­лік лауазымды қызмет те атқарған, Көкше­тау облысында партиялық биліктің тұт­қасынан ұстап, нағыз басшы ретін­де кемеліне келген, әділетсіздікке қас­қайып қарсы болатын, өзінің ада­ми, өршіл тамаша қасиеттерімен көп­те­ген замандастарынан жоғары тұр­ған, биік мінбелерде лауазыммен есеп­­тесе бермейтін Еркін Нұржанұлы Әуел­бек­овті Торғайға, одан Сыр бо­йына жібергенде жоғары билік оны Орталықтан алыстау ұстау үшін жі­берді деп білеміз. Кезінде Одаққа аты мәлім болған Республика комсомол ұйымының бірінші хатшысы, аса талантты басшы Өзбекәлі Жәнібековті де жаңа облыс болып жатқан Торғай өңіріне жібергенде де мұндай әрекет болмай қалмады. Биікке ұмтылғанды аяғынан тартудан, жоғарылағанның жа­ғасына жармасудан әзір қазақ қауымы құтыла қойды деу қиын. Шын­дыққа тура қарасақ, бұл осы кезге дейін бірде ұзарып, бірде үзіліп келе жатқан трайбализм деген аурудың нәтижесі болатын. Ал ол жойылмай, біз толыққанды тәуелсіз ел де, өзіміз тә­уелсіз елдің азаматы да бола ал­маймыз.

Еркін Нұржанұлының Сыр бойына үлкен дайындықпен келгендігі өзі бірінші хатшы болып сайланған 1985 жылдың 22 қаңтарында өткен об­лыс­тық партия комитетінің VII пле­ну­мында айқын байқалды. Респуб­ли­каның ауыл шаруашылығы жүйе­­сін­­дегі, Көкшетау, Торғай облыста­­рындағы ерекше бас­шылық қызмет­­те­рінен жақсы хабар­дар облыс активі оны Еркін­дік пен Тәуелсіздіктің сим­волындай қабыл­дады десем, артық айта қой­маспын. Егемендіктің елең-алаңында халық ара­сында оның атының болашақ рес­публика басшылары деңгейінде аталуы да жайдан-жай емес еді.

Алғашқы кездесуде өзін еркін ұстаған Еркін Нұржанұлының көңіл күйі, сөз саптауы тыңдаушыларға ерек­ше әсер етті. Қысқа ғана төрт азат жолдан тұратын сөзімен өзі бұрыннан жақсы білетін облыста жұмыс іс­теуге дайын екенін, үлкен үмітпен кел­гендігін білдірді. Тіпті осындай қа­зақтың қара шаңырағындай елге кел­геніне қуанышын жасырмады. Өзін сайлаған пленум мүшелеріне шын жү­ректен ризашылық сезімін білдіре отырып, ол Қызылорда облысының экономикасы мен мәдениетінің дамуы, гүлденуі мен оның республикада өзі­нің атына лайықты орын алуы, алда тұрған үлкен де жауапты міндеттерді шешу, жаңа белестерге шығуы үшін бар күш-жігерін, білімін еш аямай­тынын танытты. Облыстың өзіндік ерек­шеліктері мен жағдайларын еске­ріп және алда тұрған маңызды әрі ерек­ше міндеттерді терең түсініп, үл­кен жауапкершілік сезіммен жүзе­ге асыруға тырысатынын білдірді. «Бү­гінгі күннен сіздердің қатарла­ры­ңызда боламын» дегені қызыл сөз емес, шынайы ықыласы болатын. Оны облыстағы өмірі мен сан салалы қыз­меті толық дәлелдеді. Ерекең уәде үде­сінен шыға білді. Ел де жаңылған жоқ.

Еркін Нұржанұлы өзіне тән іскер­лікпен, қажырлылықпен, ерекше да­рын­дықпен облыстағы тірлікке құл­шына кірісті. Тарих талай дәлелдеген халық арасында болу оны басқарудың төте жолына апаратынын жақсы білген ол облыс алдындағы міндеттерді жүзе­ге асыру бағытында көпшілік арасын­да көбірек болып, облыстың жағдайын тереңірек тануға, өз мақсатын кеңі­нен түсіндіруге тырысты. Бұл үшін сол кездері қалыптасқан жұмыс нысан­дарын тиімді пайдалануға ұмтылды. Өзі сайланған қаңтар айынан жыл ая­ғына дейін 50-ден астам кезде­сулерде болып, сөз сөйледі. Олар: облыстық пар­тия-шаруашылық активінің жина­лысы, облыстық, қалалық, аудандық конференциялар мен пленумдар, ха­лық депутаттарының облыстық ке­ңесі, партия ұйымдарының есеп бе­­ру-сайлау жиналыстары, халық де­пу­тат­тарының облыстық кеңесіндегі партия тобындағы кездесулер, т.т. болса, келер жылы мұндай 46 кездесу болды. Осындай сан түрлі мәртебелі жиналыстарға қатысып, сөз сөйлеу қанша күш-жігерді, білімділікті қа­жет ететіні аян. Ол әрбір жиын, әрбір кездесуге үлкен дайындықпен барып, ерекше тебіреніспен сөз сөйлеп жүр­ді. Өзінен бастап басшыларға көше­лерді бекіттіріп, оның тазалығын қа­­дағалаттырды, әлеуметтік пробле­ма­лар мен мәселелерді шешуде көмек көр­сеттірді. Әр айдың бесінші жұма күн­дері «Бірыңғай саяси күн­дер» және ай сайын «Малшылар күні», сондай-ақ «Ашық есік күндері» өткі­зіліп, барлық бірінші аудандық, об­лыс­тық деңгейдегі басшылар еңбек ұжымдарында болып, жағдаймен та­нысып, жұртшылық ал­дында есеп бер­ді. Осылай халықпен, активтермен жо­­лығудың түрлі жол­да­рын, өңірді бас­қарудың өзіндік жаңаша стилін енгізіп, жаңа амал-тәсілдерді қалып­тастырды.

Облыстық партия комитетін­дегі қызметімде дәл Еркін Нұр­­жан­ұлындай жоғары деңгейдегі бас­­шыны, партиялық номенклату­ра­­ның дәл ондай қайсар қайраткерін көре алма­дым. Нағыз тұлға ретін­де­гі аза­маттық өрелілік, қызмет ба­бын­­дағы еш­кімге ұқсай бермейтін ұйым­­дас­ты­рушылық қабілет, саяси іскерлік, аса бір жинақылық, жан-жақты са­уаттылық, өзіне де, өзгеге де биік талап қоюшылық, айрықша жа­­уап­кершілік, т.т. толып жатқан қа­сиет­тердің бір адам­ның бойынан та­была беруі өмірде си­рек кездесетіні белгілі.

Мұның бәрінің негізі ата қанымен, ана сүтімен берілген тектілік, алғашқы отбасында қалыптасқан, өскен орта­сында жетіле түскен факторлар бола­тын. Әкесі Нұржан Әуелбеков Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген мұғалімі, пе­дагогикалық қызметі үшін Ленин және «Октябрь Революциясы» ордендерімен марапатталған, аса беделді, оқымысты, танымал тұлға болған көрінеді. Ал анасы Қалима Әуелбекова тоғыз пер­зент тәрбиелеген екен.

Еркін Нұржанұлы өзін әркез бәйгеге дайындағандай, бір сәт талап тінін бо­сатып көрмеген жан еді. Кейде бөлім меңгерушілері обкомның асханасында дәмдес болып қалатынбыз. Сонда Ерекең облыстық партия комитетінің қаржы және шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Исатай Елубаевқа: «Мы­на бөлім меңгерушілеріне өз қаржы­ларына таразы сатып алып бер. Сал­мақ­тарын өлшеп жүрсін. Менің сал­­ма­ғым соңғы он жылда 100 грам­нан артыққа ауытқыған емес» деп оты­ратын.

Ерекше саяси басшы ретінде Еркін Нұржанұлы ең алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына терең талдау жасады. Негізінен ауыл шаруашылығы бағытында ғана да­мып, облыс республика деңгейінен кен­­же келе жатқан еді. Оған мына фак­тілер дәлел бола алады. Аймақта шығарылған өндіріс өнімінің көле­мі республика көрсеткішінің бір па­йызына да жетпейтін. Еңбек ре­сурс­тарының төрттен бір бөлігі пай­да­ла­нылмады. Әрбір еңбеккердің реал­ды табысы Қазақстанның орташа көр­сеткішінен 1,5 есе кем болды. Тұр­ғындардың азық-түлік өнімдерін пай­далануы да төмен еді. 1984 жылы облыс халқы, Ленинскіні қоспағанда, 30 келі ет жеді, ал тиісті норма 65 келі болатын.

Осындай облысты тығырықтан шы­ғарудың сан салалы тиімді жол­дарын жалықпай іздеді. Тапты. Ең ал­дымен өңірдің өзіндік мүмкін­дік­терін пайдаланды. Сыр бойына Мәс­кеудің назарын бұрып, аймақ үшін маңызды-маңызды 5 қаулы-қа­рар­ларды қабылдаттырды. Оның ішін­де мынадай бірер құжатты атай кет­кен артық болмас: 1986 жылғы 25 жел­тоқсанда КСРО Министрлер Ке­­ңе­­сінің «Қазақ КСР Қызылорда об­лысының әлеуметтік-экономикалық да­муын жеделдету шаралары туралы», 1988 жылы 19 қыркүйекте КПСС Ор­­талық Комитеті мен КСРО Ми­нистрлер Кеңесінің «Арал теңізі ай­мағындағы экологиялық және сани­тарлық жағдайды түбегейлі жақсарту шаралары, осы бассейндегі су және жер ресурстарын пайдалану мен қор­ғауды күшейтудің тиімділігін көтеру туралы» қаулылар. Мұндай Орталыққа маңызды құжаттар қабылдату Мұха­медғали Әленұлы Сужиков кезінде де болған еді.

Ерекеңнің кезінде облыста Арал қасіретіне байланысты үлкен жиын өткен болатын. Оған сол кездегі көрші Республика басшылары қатысты. Осын­дай қажырлы жұмыстардың арқа­сында Арал теңізінің проблемасы Бү­кілодақтық деңгейге, тіпті әлемдік өреге шығарылып, аймақ «экологиялық апат аймағы» деген мәртебеге ие бол­ды. Бұл белгілі жағдайда еңбек ада­мының жалақысына 15 пайыздық қо­сымша үлес әкелді. Облыстың үшін­ші категориядан екіншіге өтуі де елеулі оқиға болды. Оның үстіне, жер кіндігі Төретам өңірі әскери, ғы­лыми техникалық сынақ поли-гоны болып, қасірет кіндігіне айналған-ды. Осының барлығы табиғаттағы те­пе-теңдікті бұзды. Бірақ мұны Сыр­ға келген мәскеуліктер көріп, бі­ліп жүрсе де мойындай қоймады. Орта­лық, негізінен әскерилердің жағ­да­йын жасап, жергілікті халықпен са­нас­пады. Байырғы тұрғындардың әлеу­меттік мәселелері назардан тыс қал­ды. Бірде Байқоңырдағы әскерилер ка­нализацияның суын Сырдария өзеніне ағызып жібергенде Ерекең Мәскеуден, Ленинскіден шақыртқан кеуделеріне жұқа тоқаш емес, ені қарыс келетін нан пісетін генералдарды қабылдау бөлмесіне топырлатып қой­ғанын көр­гендер қазір де жоқ емес. Бұл мә­селе арнайы обкомның бюросында қара­лып, оған Мәскеуден келген ко­миссия да қатысқан еді.

Жезқазған өңіріне жататын «Құм­көл» мұнай кенішіне қа­расты аймақты Еркін Нұржанұлының облыстың пайдалануына ұзақ жылға жалға алу туралы келісімге қол жет­кізуінің Сыр бойы халқының әл-ау­қатын, тұрмыс-тіршілігін көтеруге қан­шалықты пайдасы болғанын қа­зір дәлелдеп жатудың өзі артық. Об­лыста мұнай өнімін өндіру үшін гео­ло­гиялық барлау жұмысы тиянақты жүр­гізіліп, 1988 жылы алғашқы өнім­ге қол жеткізілді. Сол кездері іске кі­­ріскен, өңірдің экономикасында өзін­­дік орны бар «Шалқия» кенішін, аэ­ро­порт, жүздеген тұрғын үйлер, т.т. деп жалғастыра беруге болады. Иә, айта берсең, толып жатыр. Осыларды жүзеге асыру тек Ерекең сияқты ер­лердің ғана қолынан келетін еді. Мұ­ның бәрі жұртшылықтың көңіл күйін де ерекше көтергені белгілі.

Еркін Нұржанұлы облыстың артта қалу себептерінің бірін кадрлық сая­саттан іздеді. Бұл мәселе арнайы об­лыстық партия комитетінің плену­мында қаралды. Кадрлар арасын­дағы парақорлық, қоғам мүлкін талан-та­раж­ға салушылық, пайдакү­нем­дік, жа­ғым­сыз қылыққа бейім­деле қою­шы­лық, жағымпаздық, өз абы­ройын өзі тү­сірушілік қатты сынға ұшырады. Сал­танатшылдықпен, жетістіктерді да­литып көрсету, кемшіліктерді жа­сыру фактілерімен аяусыз күрес жүрді. Тәртіп бұзушыларға жариялылық жа­салып, сын және өзара сынның дамуы үшін объективті жағдай жасалды. Тө­меннен бақылау күшейтілді. Ал­ғаш­қы екі жылда 200-ден астам об­лыстық, қалалық, аудандық партия ко­митеттерінің номенклатурасындағы басшы кадрлардың жұмыстан босауы бұған дәлел бола алады. Бірақ ешкімге артық қиянат жасаған да, жасаттырған да емес.

Облысқа жаңа басшының келуімен сан жылғы тоқыраудан шаршаған ха­лықтың арыз-шағымдары обкомға қар­­дай борады. Мысалы, 1985 жылы өткен жылмен салыстырғанда шағым­данушылар қатары 4,4 есе көбейді. Жұртшылық үніне сергек Ерекең арызды толық оқып, тиісті тапсырма беретін. Оны арыздардағы негізгі мә­селелердің асты қара сиямен сы­зыл­ғанынан байқайтынбыз. Мәселе­лері жергілікті жерде шешіліп жатқан соң жұртшылық Мәскеу, Алматыға хат жолдауды күрт азайтты. Әрине, осы сәтті пайдаланып қалғысы келгендер де болмай қалмады. Алайда олар де­геніне жете алмады.

Еркін Нұржанұлының ерекше қабілеттілігі кабинетіне кір­генде үстел бетінің жаңа сүртіп алған­дай тап-таза жататынынан байқа­ла­тын. Жұмыс бабында қағаздар аса көп болды. Солардың барлығын тез оқып үлгіретін, қажетті жеріне өзін­­дік белгілер қоятын. Бұған таңғал­ма­ған обкомда адам болмады. Біздің бө­лім тарапынан да пленум, актив­терге, басқа да жиналыстарға талай баян­­да­малар дайындалды. Олар сағат 9-10-дарда берілгенімен, түскі үзі­ліске дейін қайтып жататын. Содан ескерт­пелерін толықтырып, мәтінді қайта ұсы­натынбыз. Осы үдеріс баянда­ма­ларда тағы да қайталанатын.

Мәскеуде өткен, жұмысына Е.Әуелбеков қатысқан КОКП Орталық Ко­митетінің бір пленумы еске (жер­гілікті уақыт бойынша сағат 14.00-15.00 ша­масында) түсіп отыр. Ал оның ма­­те­риалдары бойынша біз келесі күні еңбек ұжымдарында сөз сөйлеу үшін облыстың басшы кадрларына баян­дама тезистерін дайындауымыз керек болатын. Мәскеуден телетайп арқылы материалдар түскен кезде түн ортасына дейін отыруға тура келді. Әдетте, бұл ақпараттық материалдар аймақтардағы қазіргі жағдаймен байланысты және айтарлықтай көлемді болды. Тезис екі тілде дайындалды.

Республикалық деңгейдегі Еркін Нұржанұлы сияқты өресі биік шынайы басшыға материалдар дайындау оңай емес ті. Мен шағын жиналыстар мен кездесулерге қатысты материалдар турасында болған бір жайды тағы да айтсам, оны тек Ерекеңнің әділеттілігін көрсету үшін ғана қайталап отырмын. Мәтіндер көбіне орыс тілінде да­йындалатын. Ерекең ойларын көмек­шісі Кеңес Махамбетовке айтып, сөз­дің негізін сол дайындап жүрді. Со­дан сөз көбіне жиналыс болатын күні біздің бөлімге тиеді де, біз бары­мызды салып тығыз аударамыз. Ол кезде компьютер атымен жоқ. Бұл жағ­дайда сөзді ауызша сөйлеу сти­ліне жақындатуға уақыт жетпей жата­тын. Сол себепті мұндай жүйемен да­йындалған материал ойдағыдай са­палы бола қоймайтын. Осы үшін мен бөлім меңгерушісі ретінде ескерту де алдым. Оны мойындап қана қоймадым, Ерекеңе ойларын бізге айтуын, сөйтіп сөйленер сөздің мәтінін бірден қа­зақ тілінде дайындау жөнінде ұсы­ныс жасадым. Мұны дұрыс екен де­генімен, орысша ойлап, көбіне орыс­ша сөйлеп дағдыланған Ерекең бұл жолға бара қоймады да, бұрынғы сүрлеумен кете берді.

Облыстық партия комитетінің кезекті бір бюросының басталар ал­дында Ерекең әдеттегідей залдағы отырғандарды бір шолып өтті де, кейбір кісілерді қағытып тастайтын өзінің ежелгі әдетімен, маған көз тастап: «Бакиров – кандидат ка­ких-то, исторических наук, до се­го в­ремени не предоставил мне удов­лет­воряю­щего материала» деп сал­ды. Мен де адам баласымын ғой, бұл жолы осыншалықты көпші­ліктің алдында арамызда болған әңгімені ұмытып, мына сынауына қатты ренжідім. Кінә жалғыз менде емес еді. Сол себепті мен: Ереке, әркім өз сөзін өзі жазуы керек қой, – деп қарсы жауап бердім. Кеңейтілген бюроға шақырылғандар көп, бұрын пленум өтетін зал лық толы еді. Енді адуынды бірінші хатшы бөлім меңгерушісіне не істер, не дер екен деп жұрт аңтарылып қалды. Бі­рақ текті адам ғой, маған ешнәрсе айт­пады. Басқа біреу болса, маған дұрыс материал дайындай алмасаң, мен сені несіне ұстап отырмын деп тіпті тиісті шара қолдануға барар еді. Ондай жолға бармағанымен, ашу­ланғаны түрінен байқалды. Со­дан тосылып бір сәт үнсіз отырды да, бюроны әрі қарай бастап кетті. Кейін жеке кез­дескенде де бұл ту­ралы ештеңе демеді. Ішінде не бол­ғанын өзі білсін. Өзім ерекше сый­лайтын кісіге ұстамсыздық та­ныт­қа­ныма мен кейін біраз қысы­лып жүрдім. Бірақ кешірім сұраға­ным жоқ.

Еркін Нұржанұлы – намысшыл басшы еді. Әсіресе, облысқа қатысты мәселеге аса жауапкершілікпен қа­рай­тын. Өзі көбіне орысша сөйлеп жүр­генімен, ұлттық қасиеті басым, ха­лықшыл қайраткер болатын. Ол кезде қазақтың орысша сөйлеуіне жұрт­шылық елең ете қоймайтын. Мұндай сәнді бұзғысы келмей жүргендер әлі баршылық қой. Бірақ Ерекеңнің ұлттық рухы биік екені, азаматтық намысы айқын байқалатын.

Ол кездері облысаралық ақындар айтысы дәстүрлі өткізілетін. Сондай бір айтыс Павлодарда Оңтүстік Қа­зақстан ақындарымен болды. Біз хат­­шының жеке тапсырмасымен ай­тысқа баратын ақындарымызды об­лыс орталығына жинап, арнайы да­­йын­дадық. Оған белгілі жазба ақын­дарымыз қатысып, ақыл-кеңес­терін ай­тып, республиканың, жары­сушы об­лыстардың әлеуметтік-экономи­калық жағдайлары туралы қажетті-қажетті деген мәліметтер жинадық. Бірінші хатшы «ақындарды өзің басқарып бар» деп Павлодарға мені жіберді. Мұнда келгенде айтыстың аса тартысты жағ­дайда өтетінін байқадық. Көр­ші ағайындар бізден бұрын келіп, ал­дағы жеңіс үшін еш аянбай, ба­рын са­лыпты, артық та кетіпті. Осы­ларды біл­геннен кейін айтысты ұйым­дас­ты­рушылармен арнайы сөйлестік. Ес­ті­­ген-білгендерімізді ортаға сал­дық. Жа­рыстың барынша әділ өтуі жө­нінде талап қойдық. Облыс бас­шы­сының бізді жайдан-жай жіберіп отыр­мағанын, әр сәтіміз бақылауда екенін ескерттік. Сонымен не керек, екі облыс тең түстік. Жюридің шешімі осылай болды. Бұл бізге жеңіспен тең еді.

Павлодардан келгеннен кейін жағ­дайды басшыға толық баяндадым. Ерекең де теледидардан берілген айтыс туралы хабарды жібермей қарапты. Кейбір әділетсіздіктерді байқап қал­са керек. Репертуарда Арқаның әуен­деріне орын бермегендігімізді ескертті. Аралдық Рысбек жырауға «арқалы бала екен» деп сүйсінісін білдірді. Пав­лодарда өткен айтыс туралы ойын және кейін облыстың «Қайсар» футбол командасының шымкенттіктермен кез­десуінде қонақтардың жетекшісі та­рапынан кеткен артық іс-әрекеттерді Ерекең көрші облыстың басшысымен бір кездескенінде арнайы әңгімеге арқау еткені әлі есімде.

Еркін Нұржанұлы өзінің күнделікті жеке жұмыс режимін де жүйеге тү­сірген, оның қатаң сақтайтын және осыны қарамағындағы қызметкерлерден де талап ететін. Түскі үзіліске сағат 13-те шығып, 14-ке 10 минут қалғанда қайта оралатын. Мен көмекшілеріне: «Күлше жеңгеміз табалдырықта та­рел­ка ұстап тұрады ма?» дейтінмін. Сөйтсем Ерекең жуынады да түстігін ішіп, сонан соң он-он бес минуттай пиа­нинода ойнап, киініп жұмысқа кете беретін көрінеді.

Еркін Нұржанұлы туралы әлі де айта беруге болар еді. Алайда осы­лардың өзі оның ерен қайраткерлік һәм басшылық болмысынан хабардар ете алады деп ойлаймын. Осылай берісі облысымыздың, әрісі республиканың әлеуметтік және экономикалық, руха­ни дамуына ерекше үлес қосқан Ере­кең өзінің өмірлік мұраты мен қа­жырлы қызметінде халықтың мүддесін асқақ қойды. Сол үшін бар қабілет-қарымын, парасат-пайымын түгел жұмсады, еш аянбады. Осындай саяси қайраткер, қай­сар басшы туралы сөзімді қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықовтың мына өлең жолдарымен аяқтағым ке­леді:

Ер еді ғой

Еңбек етсе міні жоқ,

Қатал деме,

Еккен нәзік гүлі көп.

Сан айқасқа атой салып кірісті,

Ары таза кемеңгердің бірі боп.

Расында да, нағыз шынайы тұлға, Көкшетау, Торғай және Қызылорда об­лыстық партия ұйымдарының бі­рін­ші басшысы болған, халыққа қыз­мет етуді өзінің бар мақсат-мұраты сана­ған көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері туралы бұдан артық айту қиын да шығар.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдардың докторы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің

профессоры